
БЕРЛИН, 28 тамыз 2020 ж. - Ауыл шаруашылығы техникасының әлемдегі ең ірі өндірушілерінің бірі «CLAAS» компаниясы бүгін ГФР-дағы ҚР Елшілігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қойды.
Қазақстан мен Германияның өнеркәсіптік кооперациясы ҚР Президенті Қ.Тоқаев «CLAAS Group» компаниясының Бақылау кеңесінің төрағасы К.Клаас-Мюльхойзермен 2019 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысының ГФР-ға сапарының аясында жұмыс кездесуі барысында талқыланған болатын. Сапардың қорытындысы бойынша германдық бизнеспен жұмыс істеу үшін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р.Склярдың басшылығымен арнайы жұмыс тобы құрылды. ҚР аумағында ауыл шаруашылығы машиналарын өндіруді ұйымдастыру жөніндегі жобаны пысықтауды ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитеті, ГФР-дағы ҚР Елшілігі, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізді.
«CLAAS» – әлемдік ауылшаруашылық техникасының флагманы және еуропалық ауылшаруашылық техникасының ең ірі өндірушісі болып табылады. Әйгілі неміс компаниясының Қазақстанға кіруі бұрыннан қол жетімді жоғары өнімді техникаға мұқтаж болған барлық отандық аграрлық қызметкерлер үшін маңызды оқиға болып табылады.
Пандемияның қазіргі жағдайын ескере отырып, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ГФР-дағы ҚР Елшілігі және «CLAAS Group» компаниясы өкілдерінің қатысуымен келісімге қол қою бейнебайланыс арқылы жүзеге асырылды. Министрліктің атынан құжатқа вице-министр Аманияз Ержанов, Германия тарапынан Шығыс Еуропа және ТМД елдері бойынша өңірлік директор Нильс Ройч бұрыштама қойды.
Қол қою барысында ГФР-дағы ҚР Елшісі Д.Кәріпов бұл келісім ұзақ мерзімді, өзара тиімді ынтымақтастыққа бастама беретінін және ҚР-да жоғары технологиялық өндірісінің негізін қалайтынын атап өтті. Сонымен қатар, Елші «Қазақстанда жасалған» деген маркамен өнім жақын арада шығады деп өз тілегін білдірді.
«CLAAS» зауыты Солтүстік Қазақстан облысында орналасады. Мамандандырылған жабдықты орнату мен техникалық қызметкерлерді дайындауды қоса алғанда, бірінші кезеңде TUCANO комбайнының өндірісі жолға қойылады.
Жоба Қазақстандағы «CLAAS» ресми өкілі «СТ-Агро» компаниясымен бірлесіп іске асырылады. Солтүстік Қазақстанның Әкімшілігі осы жобаға қажетті жер учаскесін бөліп, инфрақұрылымымен қамтамасыз етті. Облыс экономикасына салынған инвестицияның көлемі шамамен 3,4 млрд. теңгені құрайды, қаржыландыру көзі «CLAAS» компаниясының меншікті қаражаты болып табылады. Бастапқы кезеңде 200-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
Келісімнің аясында компания компоненттерді оқшаулауды кезең-кезеңмен ұлғайтады, сондай-ақ өндірісті одан әрі дамыту үшін кадрларды техникалық даярлаумен айналысады.
Жобалық қуаттылыққа шыққан кезде кәсіпорын жылына 200 бірлікке дейін ауыл шаруашылығы техникасын (комбайндар, тракторлар және егіс кешендері) шығаратын болады, бұл ҚР машина-трактор паркін жаңарту бойынша жағдайды сапалы түрде жақсартуға бағытталған.