Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өзінің маңызды рөлін растады

Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде  өзінің маңызды рөлін растады

Берлин, 2025 ж. 16-18 қаңтар - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы бастаған делегация Азық-түлік және ауыл шаруашылығы бойынша Ғаламдық форумға (GFFA) және Ауыл шаруашылығы министрлерінің 17-ші Берлин конференциясына қатысты.

Сапар аясында вице-министр Германияның Федералдық азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігінің парламенттік статс-хатшысы Клаудия Мюллермен, Латвия Ауыл шаруашылығы министрлігінің парламенттік статс-хатшысы Нормундс Шмитспен сәтті кездесулер өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар ауыл шаруашылығы, сауда және инвестиция саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, тұрақты даму мен жер өңдеу, білім беру және ғылым салаларын, сондай-ақ өзара әрекеттестіктің болашақ перспективаларын талқылады. Тәжірибе алмасу мақсатында ауыл шаруашылығы мен ауылдық аумақтарды дамыту саясатын жетілдіру, аграрлық өндірісті жаңғырту және тұрақтылығын арттыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласына қолдау көрсету шаралары жөніндегі мәселелер қаралды.

Қазақстан тарапының бастамасымен Орталық Азия елдерінің және Германияның ауыл шаруашылығы министрліктерінің жоғары деңгейдегі өкілдерінің қатысуымен тұрақты жер өңдеу бойынша өңірлік орталық құру жобасын талқылау мақсатында алғашқы ұжымдық кездесу ұйымдастырылды.

Е.Кенжеханұлы сондай-ақ Германия экономикасы Шығыс комитетінің агробизнес альянсы ұйымдастырған «Биоэкономика және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі – халықаралық перспективалардағы мәселелер» тақырыбындағы панельдік талқылауларға қатысты.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Германияның Федералдық Азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы кооперациялық жобалардың жетекшілері Клаус Йонмен («Герман-Қазақстан аграрлық-саяси диалогы») және Уве Веддигемен («Сүт өндірісі саласындағы құзыреттілікті арттыру») кездесу өтті. Неміс ауыл шаруашылығы қоғамының (DLG) президенті Хубертус Петумен келіссөздер жүргізілді.

Сапар аясында ауыл шаруашылығы секторының инвестициялық және экспорттық әлеуетін талқылау мақсатында агроөнеркәсіптік сектордың еуропалық компаниялар тобымен «Қазақстанның аграрлық секторын дамыту: инвестициялар мен экспорт үшін мүмкіндіктер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Вице-министр Қазақстан Үкіметінің елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы айтып, агроөнеркәсіп секторына еуропалық инвестициялар мен технологияларды тартуға қызығушылық танытты. Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірқатар ұсыныстарын білдірді.

Сондай-ақ, вице-министр John Deere, BVVG, Innari және басқа да Қазақстанмен тығыз ынтымақтастыққа мүдделі неміс компанияларының басшылығымен жеке келіссөздер жүргізді.

Анықтама: Азық-түлік және ауыл шаруашылығы бойынша Ғаламдық форум мен Берлиннің Ауыл шаруашылығы министрлерінің конференциясы – жаһандық ауыл шаруашылығы және азық-түлік саясаты үшін өмірлік маңызды орталық мәселелерді талқылайтын халықаралық конференциялар. Оған әлемдік саяси сарапшылар, бизнес, ғылым және азаматтық қоғам өкілдері қатысады.

Іс-шаралар Берлинде жыл сайын әлемдегі ең ірі халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі – «Жасыл апта» аясында өткізіледі.