Қазақстан мен Германия сауда-экономикалық, инвестициялық және қаржылық байланыстарды дамыту үшін практикалық қадамдар жасауда

Қазақстан мен Германия сауда-экономикалық, инвестициялық және қаржылық байланыстарды дамыту үшін практикалық қадамдар жасауда

Берлин, 2024 жылғы 5 желтоқсан – Бейсенбі күні Германия астанасында «Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық қатынастарды дамытуға арналған заманауи қаржылық құралдар» тақырыбында Берлин Еуразиялық клубының (БЕК) 42-отырысы өтті.

Екі ел арасындағы іскерлік ынтымақтастығының даму жалғасуда.

2024 жылдың қыркүйегінде Федералдық канцлер Олаф Шольцтың Қазақстанға жасаған сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткізілген келіссөздер нәтижесінде екіжақты экономикалық ынтымақтастыққа жаңа серпін беретін бірқатар жаңа келісімдерге қол жеткізілді.

Федералдық экономика және климатты қорғау министрлігінің сыртқы сауданы қолдау және қаржыландыру басқармасының басшысы Герлинд Хекманн БЕК отырысында Германия үкіметінің Қазақстанмен экономикалық қатынастарды кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Атап айтқанда, ол Германия бизнесіне қолдау көрсетуге бағытталған жаңа құралдарды енгізу туралы айтты, оның ішінде Қазақстандағы жобаларды іске асыруға жәрдемдесуге арналған шараларға тоқталды.

Мысалы, 2023 жылдың қазан айында Еліміз арнайы инвестициялық кепілдіктер механизмін қолдануға мүмкіндік берілген 34 мемлекеттің қатарына қосылды.

2024 жылдың қыркүйегінде Федералдық экономика және климатты қорғау министрлігі Германияның Шикізат қорын іске қосу туралы жариялады, бұл неміс компанияларына ресурстарды өндіру және өңдеу жобаларын жүзеге асыруда қосымша қолдау көрсетуге бағытталған.

Негізгі баяндамамен сөз сөйлеген өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды индустриялық әлеуетті жаңғырту және бизнесті ынталандыру бағдарламаларына шолу жасады.

Пікірталас қатысушылары екі ел үкіметтері мен даму институттары жүзеге асырып жатқан нақты қолдау механизмдерін және оларды одан әрі жетілдіру перспективаларын талқылады.

Отырысқа саясат және бизнес салаларының, іскерлік қауымдастықтардың, сарапшылардың шамамен 100 өкілі қатысты.

Қазақстанда инвестициялық заңнаманы кешенді жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. 14 арнайы экономикалық аймақ, Астана халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейді. Президент жанында Шетелдік инвесторлар кеңесі бар.

2012 жылдан бастап Қазақстан мен Германия арасындағы шикізат, индустрия және технология саласындағы әріптестікті Үкіметаралық жұмыс тобы іске асыруда.

ҚР Үкіметі жанында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен неміс инвесторларымен өзара іс-қимыл жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылған.

2023 жылдан бастап екі елдің жетекші қаржы құрылымдары мен даму институттары кіретін бірлескен жобаларды қаржыландыру және тәуекелдерді хеджирлеу жөніндегі Жұмыс тобы да бар.

Осы топтың төртінші отырысы да дәл сол күні өтті. Оның нәтижесі бойынша Lanxess компаниясы мен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, сондай-ақ AKA Bank пен Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Германия статистикалық деректері бойынша, 2023 жылы Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 9,5 миллиард АҚШ долларын құрады. Қазақстанға жылдық неміс инвестицияларының көлемі рекордтық 770 миллион АҚШ долларына жетті.

2023 жылы Rehau компаниясының ПВХ терезе профилдерін өндіру, Wika GmbH компаниясының бақылау-өлшеу құралдарын құрастыру, Zollmann Stutenmilch GmbH компаниясының құрғақ саумал мен қымыз өндіру жобалары пайдалануға берілді.

Қазіргі уақытта 10 жоба жүзеге асырылу сатысында, ал 24 перспективалы жоба пысықталу үстінде.

Анықтама: БЕК – бірегей диалог алаңы. БЕК отырыстары жыл сайын Астана, Брюссель және Берлинде өткізіледі. 10 жыл ішінде Клуб екі елдің ресми тұлғалары мен сарапшылар қауымдастығымен өзара тиімді бизнес жасауға мүдделі іскерлік топтардың тікелей өзара әрекеттесуінің тиімді тетігіне айналды.