
БЕРЛИН, 2020 ж. 18 тамыз – Бүгін Қазақстан Республикасының ГФР-дағы Елшісі Д.Кәріпов Конрад Аденауэр Қорының Азия-АТА бөлімінің елдік референті доктор Грегор Рисселмен және Қордың Қазақстандағы өкілдігінің жаңа басшысы Йоханнес Раймен кездесті.
Сұхбат барысында тараптар Қормен ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы, перспективалары мен жоспарлары туралы пікір алмасты. Г.Рисселдің айтуынша, Қор Қазақстанның партияларымен, мемлекеттік органдары және азаматтық секторымен жемісті жұмыс істеуді жалғастыруға ниетті.
Д.Кәріпов Қазақстанның ҚР Мәжілісі мен ГФР Бундестагында қызмет ететін екі парламенттік достық тобының рөлін айта келе, Қазақстанның парламентаралық дипломатияны нығайтуға қатысты ұмтылысын атап өтті. Елшінің депутаттық кездесулерді тұрақты негізге қою арқылы парламентарийлердің өзара әрекетінің қарқындылығын арттыру туралы ұсынысын неміс тарапы қолдады.
Й.Рай екі ел арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту үшін жастар байланысын жандандырудың маңыздылығын айта келе, Қор өкілдігінің жастар алмасуы саласын, сондай-ақ қазақстандық жастарға оқу шәкірақылары мен гранттарын ұсыну тәжірибесін кеңейтуге дайын екенін білдірді.
Елші білім беру саласындағы екіжақты нәтижелі ынтымақтастық туралы, соның ішінде Алматыдағы Қазақстан-Неміс университетінің біздің ел үшін білікті мамандар дайындаудағы елеулі үлесін атап айтты.
Сұхбат соңында тараптар болашақта бірлескен жобалар барысында жұмыс байланыстарын жалғастыруға келісті.