
Берлин, 2024 жылғы 26 қараша – Германия астанасында «Орталық Азияның таңғажайыбы – Қазақстан» атты мәдени іс-шара өтті. Аталған шара неміс журналисі Кристиан Гроссе ұйымдастырып, Қазақстанның мәдениеті, тарихы және заманауи дамуына шынайы қызыққан қонақтарды жинады.
Іс-шараның ашылуында Қазақстанда биыл іске қосылған «Kazakhstan: Born Bold» жаңа медиа-кампаниясы туралы ақпарат ұсынылып, тиісті бейнеролик көрсетілді.
Кеш ашылуында Елші Нұрлан Онжанов Қазақстанның ұлттық ерекшелігі, мәдени байлығы мен табиғи сұлулығы туралы сөз қозғап, қонақтарды елдің ерекше колориті мен қонақжайлығын көру үшін Қазақстанға келуге шақырды.
Жобаның бастамашысы және ұйымдастырушысы К.Гроссе бағдарламаны жалғастырып, Қазақстанға жасаған саяхатындағы әсерлерімен бөлісіп, аталған іс-шаралардың халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту үшін маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында қонақтарға Қазақстан бойынша виртуалды саяхат жасауға мүмкіндік беретін бейнероликтер көрсетілді. Көрермендер кең дала, асқақ таулар, әсем көлдер мен қазақ халқының бай мәдениет-дәстүрлерімен таныса алды.
Іс-шара қатысушыларға Қазақстанның басты көрікті жерлерімен, мәдени құндылықтарымен және табиғи әлеуетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді, бұл көпшіліктің шынайы қызығушылығын оятты.
Бұл оқиға елдер арасындағы мәдени диалогты нығайтуға және Қазақстанның туристік әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосты.