
Берлин, 2024 жылғы 13 қараша – 2024 жылғы 12-20 қараша аралығында Германия астанасында ГФР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен «Dr. Gabriele Minz GmbH – Халықаралық мәдени жобалар» компаниясы ұйымдастырған «Future Now – Central Asia» музыка және кинофестивалі өтуде. Фестиваль Орталық Азия елдері мен Германия арасындағы мәдени алмасуды нығайтуға, сондай-ақ жас таланттар үшін бірегей шығармашылық алаң құруға бағытталған.
Фестивальдің ашылуы Берлин филармониясында өткен камералық музыка гала-концертінен басталды, Орталық Азияның бес елі мен Германияны таныстырған алты трио өнер көрсетті. Музыкалық ұжымдар алты табиғи элементке: ағаш, ауа, от, жер, металл және суға негізделген шығармаларды орындады. Жас музыканттар педагогтармен бірге шығармалар арасындағы бірегей өтпелерді жасап, әртүрлі мәдени дәстүрлер арқылы музыкалық саяхатты бейнелейтін тұтас бағдарлама құруға мүмкіндік алды.
Қазақстанның Германиядағы Елшілігінің қолдауымен Қазақстанның музыкалық мәдениетін Бекнұр Әбдіжалі (шертер), Жания Естайқызы (қобыз) және Айбол Ерлік (домбыра) таныстырды. Жас музыканттар үш күйден тұратын «Тарту» композициясын дәстүрлі аспаптарда, соның ішінде сыбызғы, сазсырнай, шанқобыз, даңғыра және су сылдырда орындады. Қонақтар Қазақстанның бай әрі алуан түрлі музыкасын тамашалады.
Фестивальдің жалғасы ретінде Орталық Азия елдерінің жас режиссерлерінің бес көркем фильмінің көрсетілімі қарашаның 13-20 жұлдызында Берлиннің «Delphi LUX» кинотеатрында өтеді. Фильмдер өз елдерінің мәдени дәстүрлері мен тарихына арналып, әлеуметтік өзгерістердің өзекті тақырыптарын қозғайды. Ерекше назар сахналық тәсілдер мен жас ұрпақтың заманауи қабылдауын және шығармашылық көзқарасын көрсететін кинематографиядағы жаңа әдістерге аударылады.
Кино апталығын 20-дан астам қысқа және толықметражды көркем және деректі фильмдердің авторы болып табылатын қазақстандық жас режиссер Алдияр Байракимовтың «На грани» фильмі ашты. Жас режиссер өз фильмдерінде қазіргі жастарға жақын әлеуметтік өткір тақырыптарды зерттейді.
Фильмнің аяқталуынан кейін режиссерлердің, кинематографистердің және оқу орындарының өкілдерінің қатысуымен Орталық Азия кинематографиясының дамуындағы жастардың рөлі және өзекті әлеуметтік мәселелер тақырыбында қызу талқылау өтті. Келесі күндері Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан өз кинофильмдарын ұсынады.
Берлиндегі «Future Now – Central Asia» фестивалі – Орталық Азия мен Еуропа арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам болды.