
Берлин, 22 тамыз. Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Қазақстанның үкіметтік делегациясы Қазақстанның Германиядағы Елшілігі Германияның су серіктестігімен (German water Partnership) бірлесіп ұйымдастырған "Су - тұрақты даму үшін” тақырыбындағы дөңгелек үстел жұмысына қатысты.
ҚР мемлекеттік органдарының өкілдері және су секторында маманданған жетекші неміс компаниялары коммуналдық инфрақұрылым, су тұтынуды реттеу, су ресурстарын басқарудың экономикалық құралдарын пайдалану, оның ішінде су үнемдеуге ынталандыру салаларындағы ынтымақтастыққа өзара мүдделілікті мойындады.
«Бүкіл әлемде мемлекеттер су ресурстары саласында елеулі жаһандық сын-қатерлерге тап болуда. Жаһандық жылыну құрғақшылық, су тасқыны, мұздықтардың еруі сияқты төтенше ауа-райын тудырады. Қазақстандағы соңғы су тасқыны оқиғалары осындай апаттардың алдын алу үшін халықаралық ынтымақтастықтың қажеттілігін көрсетті. ГФР кәсіпорындары су ресурстарын басқару саласында бай тәжірибеге, озық технологияларға және практикалық білімге ие.
Сондықтан Қазақстан үшін су шаруашылығы және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, су ресурстарын есепке алу мен бөлуді цифрландыру, сондай-ақ су саласында мамандандырылған кадрлар даярлау жөніндегі бірлескен инвестициялық жобалар қызықты», - Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев атап өтті.
«Бүгінгі кездесуді неміс-қазақстандық су серіктестігінің басталуын белгілеген іргетас қалау деп атауға болады. Неміс Water Partnership қамқорлығындағы неміс компаниялары Қазақстанда су менеджменті, кадрлар даярлау және ауыл шаруашылығы салаларында жүзеге асырылып жатқан жобалар бойынша нақты ынтымақтастықты ұсынуға дайын», - атап өтті басқарушы директор Борис Грейфенедер.
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Борис Грайфенедермен жеке кездесуі барысында Қазақстан-Германия су әріптестігі туралы Жаһандық келісімнің жобасын әзірлеу, сондай-ақ су ресурстары мәселелері жөніндегі жеке жұмыс тобын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Іс-шараның маңызды қорытындысы қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыруға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қою болды.
Германияның су серіктестігі (German Water Partnership) - бұл Германияның су саласындағы 300-ден астам компанияны біріктіретін халықаралық су саласының желісі болып табылады. GWP-мен ынтымақтастық дәлелденген технологияларды, ноу-хауды және ғылыми тәжірибелерді пайдалануға мүмкіндік беретін тұрақты және тиімді су ресурстарын басқару жолындағы маңызды қадам болып табылады.