
Маннхайм, 2024 жылғы 30 маусым – Бүгін Баден-Вюртемберг федералдық жеріндегі Маннхайм қаласында Қазақстанға арналған «Salon Diplomatique» клубының отырысы өтті. «Salon Diplomatique» халықаралық экономикалық және мәдени ынтымақтастықты талқылау алаңы ретінде аймақтың ірі бизнесмендері, саясаткерлері мен мәдениет қайраткерлерімен құрылған.
Іс-шараға 100-ге жуық саяси, экономикалық, іскерлік және қоғамдық топтардың, сондай-ақ жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Елшісі Нұрлан Онжанов қонақтарды еліміздің экономика, мәдениет және туризм салаларындағы дамуымен таныстырды. Дипломат қатысушыларды республикамызда жүргізіліп жатқан реформалар, бизнес мүмкіндіктері туралы хабардар етіп, Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы баяндады. Қатысушылар Қазақстанның туризм әлеуетіне ерекше назар аударды. Іс-шара барысында еліміздің бірегей туристік орындары туралы бейнеролик ұсынылып, жиналғандардың үлкен қызығушылығын тудырды. Қонақтар болашақта Қазақстанға келуге ниет білдірді.
«Sparkasse Rhein-Neckar» жинақ банкі басқармасының мүшесі әрі Salon Diplomatic» клубының төрағасы Хельмут Аугустин Қазақстанның Германиямен энергетикалық ресурстар мен шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, неміс кәсіпорындарын Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінде бірлескен жобаларды жүзеге асыра алады.
Маннхайм Германияның ірі экономикалық орталықтарының бірі ретінде күшті өнеркәсібімен, технологиялық және инженерлық инновацияларымен танымал. Неміс өнеркәсібінің дамуына әсер еткен негізгі өнертабыстар Маннхаймда ойлап табылды. Дәл осы жерде Mercedes Benz автокөлігі, трактор, велосипед, электр лифті, истребитель, орталықтандырылған жылу беру технологиясы және басқа да маңызды өнертабыстар алғаш рет шығарылды. Қалада дамыған инфрақұрылым мен бизнес үшін жақсы жағдайлар бар және өзара тиімді ынтымақтастық үшін тамаша алаң болып табылады.