ДЮССЕЛЬДОРФ, 2020 жылғы 9 шілде – жұмыс сапарымен Дюссельдорф қаласында болуы кезінде ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Д.Кәріпов немістің «SMS Group», «Henkel AG & Co. KgaA» және «METRO AG» компанияларының басшылығымен кездесті.
Кездесудің басты мақсаты – ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы желтоқсанда және 2020 жылғы ақпанда неміс кәсіпкерлерімен болған кездесулері барысында қол жеткізілген келісімдерді жоспарлы түрде жүзеге асыру, екі ел бизнес өкілдері арасында тікелей байланыс орнату және дамыту.
Кездесулер аясында Д.Кәріпов ҚР-дағы тартымды инвестициялық ахуал, бизнес жүргізудегі мүмкіндіктер, заңнамалық қолдау, сондай-ақ неміс бизнесіне арналған жеңілдіктер мен преференциялар туралы жан-жақты мәлімет берді.
«SMS Group» концернінің Басқарма төрағасы Буркхард Даменмен (Burkhard Dahmen) кездесу барысында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ықтималдығы және концерн жабдықтары негізінде ҚР-да жоғары технологиялық өнімдерді шығаруды ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
1871 жылы негізі қаланған концерн болат, алюминий және түсті металдарды өндірістік ұқсату жабдықтары мен машиналарының әлемдік алдыңғы қатарлы шығарушысы болып табылады. Өндіріс процесінде металлургия саласындағы жаңа әзірлемелер мен шешімдерді қолдану концерннің ерекшелігі болып табылады. Компания қызметкерлерінің саны 14 мың адамға жуық, айналымы шамамен 3 млрд еуроны құрайды.
Дюссельдорф қаласында болу кезінде Д.Кәріпов сондай-ақ өнеркәсіптік және тұрмыстық химия шығару бойынша әлемдік көшбасшы «Henkel AG & Co. KGaA» компаниясының штаб-пәтерінде болды және Вице-президент, Қоғамдық және үкіметтік байланыстар жөніндегі жаһандық басшы Петер Флоренцпен (Dr. Peter Florenz, Corporate Vice President und Global Head, Public Affairs & Governmental Relations) кездесті. Келіссөздер барысында сұхбаттасушылар коронавирус пандемиясының таралуы жағдайында экономиканың жекелеген салаларындағы қазіргі жағдай, сондай-ақ компания қызметін ҚР-да кеңейту мүмкіндігін талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша Елші компанияның өндіріс алаңын аралап, тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын бөлімше жұмысымен танысты.
«Henkel» компаниясы өнеркәсіптік химия, тазалау және жуу құралдары, косметика және жеке гигиена құралдары, желімдеу материалдарын шығаратын бірнеше бағыт бойынша қызмет етеді. Компания өнеркәсіптік және тұтынушылық секторда инновациялар мен алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу себебінен үздік орындарды иеленуде. Компания қызметкерлерінің саны 53 мың адамнан астам, 2019 жылғы сатылым көлемі 20 млрд еуродан асты. Компания 2008 жылы маусымда Орталық Азия аймағындағы алғашқы кәсіпорнын Қапшағай қаласында ашты. Қазіргі уақытта «Henkel Central Asia & Caucasus» ЖШС ҚР-да табысты қызмет етіп келеді.
Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық жерінің астанасындағы жұмыс сапарының бірінші күнінің соңында Д.Кәріпов «METRO AG» компаниясының өкілдері – Корпоративтік қоғамдық саясат жөніндегі жаһандық директоры Ивонна Юлитта Боллоумен (Ivonne Julitta Bollow, Global Director Corporate Public Policy) және Сыртқы байланыстар жөніндегі бөлімше Басшысы Марк Александер Фридрихпен (Mark Alexander Friedrich, Head of International Affairs, Corporate Public Policy) кездесті. Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастық перспективалары, жергілікті өнімнің сауда орталықтары сұрыптамаларындағы санын арттыру және оны «METRO AG» сауда желісі арқылы басқа елдерге экспорттау мәселелері талқыланды.
«METRO» және «MAKRO» сауда маркалары ретінде әлемнің 35 елінде жұмыс істейтін компания – көтерме және бөлшек сауда саласындағы танымал көшбасшылардың бірі. Компания қызметкерлерінің саны 150 мың адамнан астам, 2019 жылғы айналымы 30 млрд еуродан асты. ҚР-да компания 2008 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанның 6 қаласындағы компанияның сауда орталықтарында 1 мыңнан астам адам жұмыс істеуде. Инвестиция көлемі 135 млн еуродан асты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ҚР-дағы компания айналымы 80 млн еуроны құрады.