Министр Мұхтар Тілеуберді Берлинде Герман экономикасы Шығыс комитетінің Жаңа жылдық қабылдауына қатысты

Министр Мұхтар Тілеуберді Берлинде Герман экономикасы Шығыс комитетінің Жаңа жылдық қабылдауына қатысты

БЕРЛИН, 2020 жылғы 28 қаңтар – неміс тарапының шақыруымен ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді құрметті қонақ ретінде Герман экономикасының шығыс комитетінің Жаңа жылдық қабылдауында болды. Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысынан бөлек ГФР-дың экономика және энергетика федералдық министрі Петер Альтмайер кештің құрметті қонағы болды. Қабылдауға сондай-ақ ГФР, Шығыс Еуропа және Орталық Азия мемлекеттік органдарының басшылары, алдыңғы қатарлы неміс компаниялары мен бизнес-қауымдастықтарының басшылары (барлығы шамамен 350 адам) қатысты.

ГЭШК – экономиканың түрлі салаларындағы ГФР-дың 200-ге жуық алдыңғы қатарлы компанияларын біріктіретін, Шығыс Еуропаның 28 елімен (оның ішінде Ресей Федерациясы, Польша, Чехия, Венгрия, Украина, т.б.), сондай-ақ Орталық Азия елдерімен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне жетекшілік ететін беделді ұйымдардың бірі. 

Өз сөзінде Министр М.Тілеуберді екі елдің бизнес қауымдастары арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға қосқан зор үлесі үшін ГЭШК-ға алғыс білдірді. «Еуроодақтағы біздің басты серіктесіміз болып табылатын ГФР-мен өзара қарым-қатынасымыз – стратегиялық басымдыққа ие. Германияның да Қазақстанмен арадағы ынтымақтастыққа ерекше мән беретіні қуантады.  Біздің еліміздің үлесіне Германияның Орталық Азиямен сауда айналымының 86%-ы тиесілі. Қазақстанда қызмет істейтін 900-ге жуық неміс компаниясы экономикамыздың жаңғыруы мен дамуына елеулі үлес қосуда», - деп қорытындылады сөзін сыртқы саясат ведомствосының басшысы.

Министр неміс кәсіпкерлерін Қазақстанға инвестиция салуға шақырды және қазақстандық нарықтың инвестициялық тартымдылығын арттыратын, сондай-ақ өзара тиімді қызметке арналған мүмкіндіктерді кеңейтетін бірқатар преференциялар мен жеңілдетілген шарттарды атап өтті.

Осы күні Министр М.Тілеуберді ГФР-дың бірқатар ірі компанияларының, атап айтқанда, «REWE» (сауда), «REMONDIS» (қалдықтарды кәдеге жарату және шикізатты қайта өңдеу), Duisburger Hafen AG (Дуйсбург порты), «Giesecke+Devrient GmbH» (қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы технологиялар) және т.б. басшыларымен кездесулер өткізді.

Министрдің Берлинге сапары Мемлекет басшысының 2019 жылғы желтоқсандағы ресми сапарының барысында берілген екіжақты қатынастардың жоғары қарқынын растады. Аталған сапардық қорытындысы бойынша сомасы 2 млрд. АҚШ долларынан асатын 7 коммерциялық келісімді қамтитын 28 құжатқа қол қойылған болатын.

Ақпарат ретінде: Герман экономикасының шығыс комитеті 1952 жылы құрылған. Ұйымның басты мақсаттары – неміс бизнесін шет елдерде қолдау, құқықтық қауіпсіздікті және нормативтік талаптарды қамтамасыз ету, сауда және визалық кедергілерді жою, жалпыеуропалық экономикалық кеңістік құру. ГЭШК стартаптар мен отбасылық компаниялардан бастап, DAX индексіне енетін ірі акционерлік қоғамдар мен трансұлттық компаниялар сияқты 200-ге жуық түрлі кәсіпорындарды біріктіреді.

Ұйым Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның 28 елінде неміс бизнесінің мүддесін қолдайды. Аталған аймақ, сарапшылардың бағалауынша,  неміс сыртқы саудасының көлемі бойынша АҚШ пен ҚХР-ды артқа қалдырып, бірінші орынды иеленуде.