
БЕРЛИН, 2020 жылғы 29 қаңтар – ГФР-дағы ҚР Елшісі Дәурен Кәріпов «Airbus Defence and Space» компаниясының Бас директоры Дирк Хокемен кездесті. Кездесу барысында аса ірі еуропалық «Airbus Group» әуеқұрылыс компаниясымен ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективасы талқыланды.
Д.Кәріпов Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 ж. желтоқсанда ГФР-ға жасаған сапарының қорытындысы бойынша неміс инвесторлары үшін ерекше несиелендіру, Қазақстан арқылы үшінші елдерде неміс экспортын қосымша қолдау, басқа да жеңілдіктер мен преференцияларды қамтитын ҚР-дағы неміс бизнесіне арналған эксклюзивті шарттар туралы хабарлады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Германия бизнесімен жұмыс істеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Аталған жұмыс тобын басқаратын ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары Р.Скляр 2020 жылғы 20 қаңтарда Дортмунд қаласындағы «WILO SE» компаниясының алаңында Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық жеріндегі компаниялар басшыларымен биылғы алғашқы кездесуін өткізді.
Д.Кәріпов Д.Хокеге 2020 жылы наурызда өтетін машина жасау саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелеріне арналатын Қазақстан-Германия Дөңгелек үстеліне қатысуын ұсынды. Елші сондай-ақ Д.Хокеден Аэроғарыш өнеркәсібі одағының Президенті ретінде 2020 жылғы 17-18 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін машина жасаушылардың VIII Форумына неміс компаниялары өкілдерінің қатысуын қамтамасыз етуін сұрады. Форум аясында машина жасау және металл өңдеу жөніндегі «Kazakhstan Machinery Fair 2020» атты мамандандырылған алғашқы халықаралық көрмесін өткізу жоспарлануда.
Компания Қазақстанның аэроғарыш саласындағы маңызды серіктестерінің бірі екенін айта келе, қазақстандық дипломат ҚР-да жоғары технологиялық өнімдер шығару мен қызмет көрсету бойынша кәсіпорын құруға бағытталған ынтымақтастықтың маңыздылығын атап айтты. Мәселен, 2010 жылдан бері Қазақстанда «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ және «Airbus Helicopters» еншілес компаниясының тең құқықты негізінде құрылған тікұшақтар құрастыру мен қызмет көрсету зауыты және «Қазақстан Ғарыш Сапары» (KGS) ҰК» АҚ және «Airbus Defence and Space» бөлімшесінің ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ғалам» бірлескен кәсіпорны қызмет етіп келеді.
Анықтама ретінде: Airbus компаниясы – жолаушылар, жүк және әскери-көліктік ұшақтар шығаратын әлемдегі аса ірі әуеқұрылыс компанияларының бірі. Airbus қызметкерлерінің саны шамамен 133 мың адамды құрайды, олар негізінен ГФР, Франция, Ұлыбритания және Испанияда шоғырланған.