
БЕРЛИН, 2020 жылғы 25 ақпан – ГФР СІМде Ядролық қаруды таратпау туралы Келісімнің шолу процесін қолдау жөніндегі екінші министрлік кездесу өтті. ҚР СІМ Халықаралық қауіпсіздік департаментінің директоры Дастан Елеукенов бастаған қазақстандық делегеция ісшараға «Стокгольм бастамасына» қатысушы 16 елдің (Аргентина, Канада, Финляндия, Эфиопия, Германия, Индонезия, Жапония, Иордания, Нидерланды, Норвегия, Жаңа Зеландия, Корея Республикасы, Испания, Швеция және Швейцария) бірі ретінде қатысты. Аталған бастама ядролық қарусыздану мен оны таратпау мәселелері бойынша жаһандық дипломатияны жандандыру мақсатында Швеция астанасында өткен жылы бастау алған
Іс-шараның ашылуында Германияның Федералдық сыртқы істер министрі Хайко Маас халықаралық қауымдастықты маңызды халықаралық келісімдер әрекетінің, соның ішінде орта және жақын қашықтық ракеталарын жою туралы Келісім әрекетінің тоқтауы аясында ядролық қарусыздану саласында нақты қадамдар жасауға шақырды. Осыған байланысты ол Еуропа үшін қауіптілігі жөнінен климаттың антропогендік өзгеруінен кем түспейтін қарулануды бақылаудың жаһандық сәулетінің бұзылуынан төнген қауіпті атап айтты.
Бұл тұрғыда Германия СІМ басшысы Қазақстан мен Ядролық қаруды таратпау туралы Келісімге қатысушы басқа да бірқатар мемлекеттердің халықаралық қауіпсіздікті нығайту мен халықаралық күн тәртібінде ядролық қарусыздану мәселелерін нығайтудағы күш-жігеріне жоғары баға берді. Бұл жұмыстың «Стокгольм бастамасының» министрлік кездесуі аясында, сондай-ақ бейіндік халықаралық ұйымдар бағыты бойынша өткізіліп жатқаны және 2020 жылғы 27 сәуір мен 22 мамыр аралығында Нью-Йорк қаласында өтетін Ядролық қаруды таратпау туралы Келісімі қатысушыларының 10-мерейтойлық Шолу конференциясы аясында мәнінің зор екені айтылды.
Берлиндегі кездесудің жұмыс сегментінде қабылданған қорытынды саяси коммюникеге 2019 жылы қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясы алаңында «Стокгольм бастамасына» қатысушы мемлекеттердің сыртқы істер министрлері орынбасарларының жұмыс тобы отырысының Ядролық қаруды таратпау туралы Келісімі және онымен байланысты ядролық қарусыздану, ядролық энергетиканы таратпау және оны бейбіт түрде қолдану жөніндегі міндеттемелерді ұстануды білдіретін қорытындысы негіз болды.
Одан басқа кездесу қатысушылары Келісімді қолдауға қатысты барынша ашық декларативті саясат жүргізу, қауіпсіздіктің жағымсыз кепілдерін күшейту және бөлшектегіш материалдар өндірісін шектеуді қамтитын қосымша жан-жақты тәсілдерді жасап шығару үшін «аралық қадамдарды» (stepping stones) мақұлдады.
Ядролық қаруды таратпау туралы Келісім – жарты ғасыр бойы ядролық қарудың таралуының алдын алу, ядролық энергияны бейбіт мақсатта қолдану саласындағы ынтымақтастықты қолдау және жалпыға ортақ ядролық қарусыздануға қол жеткізуді көздейтін халықаралық келісім. Қазақстанның бұл Келісімге 1994 жылы ядросыз мемлекет ретінде қосылуын халықаралық қауымдастық мойындап, елімізді ядролық қауіпсіздікті нығайту саласындағы жаһандық көшбасшы ретінде таныды.