
Вольфсбург, 2020 жылғы 2 наурыз – Қазақстанның Елшісі Дәурен Кәріпов «Volkswagen AG» концернінің штаб-пәтерінде Халықаралық және Еуропалық саясат мәселелері жөніндегі Директоры Йенс Ханефельдпен, сондай-ақ концерннің басқа да жоғары лауазымды қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Елшінің бұл сапары ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы желтоқсанда ГФР-ға жасаған ресми сапары шеңберінде негізгі неміс компанияларының өкілдерімен кездесулері қорытындысы бойынша берген тапсырмаларын орындау аясында өтті.
Келіссөздер барысында алдыңғы қатарлы технологиялар мен электромобиль құрылыс саласындағы заманауи стратегиялық сын-тегеуріндері мәселелері бойынша кең ауқымды пікір алмасылды.
Кездесу соңында Елші Вольфсбург қаласындағы құрастыру-өндірістік алаңын аралап, автомобиль концернінің жаңа үлгілерімен танысты.
«Volkswagen AG» – әлемдегі жетекші автомобиль өндірушілердің бірі. Концерн Volkswagen Pkw, Audi, SEAT, ŠKODA, Bentley, Bugatti, Lamborghini, Porsche, Ducati, Volkswagen Nutzfahrzeuge, Scania және MAN брендтерін біріктіреді. Концерн Еуропада, Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Азия мен Африкадағы 124 зауытында жылына 10 миллионнан астам автомобиль шығарады. Компанияда әлем бойынша шамамен 670 мың адам жұмыс істейді, компанияның айналымы 2019 жылы шамамен 252,6 млрд. еуроны құрады.