
БЕРЛИН, 2020 ж. 2 шілде. - Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов Бундестагтың депутаты, Еуропалық Одақ мәселелері жөніндегі кіші комитеттің төрағасы, ЕҚЫҰ ПА-дағы Германия делегациясының басшысы Дорис Барнеттпен (SPD) кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы парламентаралық, экономикалық қатынастарға, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастыққа қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.
Кездесу барысында Д.Кәріпов сұхбаттасушыға Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы желтоқсанда Берлинге сапары туралы баяндап, бұл оның Президент ретіндегі Еуропаға алғашқы сапары болғандығын хабарлады.
Сонымен қатар, Елші Д.Барнетке Қазақстанда қоғамды демократияландыруға және адам құқықтарын қорғауға бағытталған реформалар туралы хабардар етіп, экономика саласындағы қарқынды дамып келе жатқан қатынастарына тоқталды.
Тараптар білім беру, мәдениет және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығына назарларын аударды.
Д.Барнетт Қазақстанда жүйелі саяси түрлендіру реформалар нәтижесінде болып жатқан оң өзгерістерді атап өтті.
Соңында тараптар парламентаралық ынтымақтастық аясында үнқатысуды жалғастыруға келісті.