
БЕРЛИН қ., 2020 ж. 1 шілде - Қазақстан Республикасының Германия Федеративті Республикасындағы Елшісі Дәурен Кәріпов Бундестагтың депутаты Франк Хайнрихпен (ХДО/ХСО партиясы) кездесті.
Сұхбат барысында тараптар парламентаралық екіжақты қатынастардың бірқатар аспектілерін талқылады. Д.Кәріпов Ф.Хайнрихке Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы желтоқсандағы Берлинге сапары туралы және республикада қоғамды демократияландыру, адам құқықтарын қорғау және елдің экономикасын модернизациялау бойынша жүргізіліп жатқан реформалар туралы баяндап берді.
Қазақстандық дипломат Мемлекет басшысының Қазақстандағы неміс бизнесіне айрықша жағдайлар жасау жөніндегі бастамаларына тоқталып, Қазақстандағы 180 мың неміс қоғамдастығының және Германиядағы 900 мыңнан астам бұрынғы отандастарымыздың Қазақстан мен Германия ынтымақтастығын тереңдетудегі ерекше рөлін атап өтті.
Тараптар екіжақты парламентаралық ынтымақтастықтың, сондай-ақ елдердің экономикалық және білім беру саласындағы өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
Соңында тараптар Қазақстан Республикасының Парламенті мен Германия Бундестагы арасындағы саяси үнқатысуды арттыру мақсатында екіжақты парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту аясындағы байланыстарды жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.