Берлин төрінде Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасы талқыланды

Берлин төрінде Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасы талқыланды

БЕРЛИН, 2020 жылғы 2 шілде – Бүгін ГФР-дағы ҚР Елшілігінің және Қазақстан-Герман қоғамының ынтымақтастығында ұлы ойшыл, ақын және қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына арналған халықаралық бейнеконференция өтті.

Онлайн-шараға ҚР ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов, Берлин Панков ауданының бұрынғы мэрі Алекс Любавински, «Отандастар қорының» Вице-президент Мағауия Сарбасов, Қазақстан, Германия, Аустрия мен Нидерландыдан саясаткерлер, түркітанушылар, шығыстанушылар мен өнер қайраткерлері, сондай-ақ сарапшылар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Пікірталасты аша отырып, Елші Д.Кәріпов Абайдың әмбебаптығы мен сарқылмас даналығын және оның шығармаларын әлемдік мәдениеттің бір бөлігіне айналдырған қасиеттерді атап өтті. «Бүгінде қазақ әдебиетінің бұл жауһарлары Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, саяси және экономикалық кооперациямен қатар мәдениет саласындағы екіжақты байланыстарды нығайтуға себеп болып отыр», – деп Елші өз сөзінде атап өтті.

Абайдың өмір жолы және оның әлемнің түрлі елдерін мәдени байытуға қосқан үлесі туралы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының докторы Ақтолқын Құлсариева, нидерландтық әдебиетші Зифа-Алуа Әуезова және басқа да шақырылған академиктер мен сарапшылар тақырыптық дәрістер оқыды.

Шараға қатысушылар сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласының мәтінімен танысып, «Абай оқулары» акциясына қатысып, онда ақынның туындылары қазақ және неміс тілдерінде оқылып, бейнеконференция аудиториясына ұсынылды.

Абай Құнанбайұлы 1845 жылы 10 тамызда дүниеге келген. Биылғы жылы Қазақстанда және әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен оның 175 жылдығын мерекелеу аясында әділдік, адалдық, жанашырлық және патриотизм идеяларына негізделген қазақ ақыны мен ойшылының философиясын танымал етуге арналған бес жүзден астам түрлі іс-шаралар өткізу жоспарлануда.