
БЕРЛИН, 2020 ж. 26 маусым - Қазақстан Республикасының ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов «Ремондис» компаниясының Берлиндегі өндіріс алаңында болып, Remondis International GmbH Басқарушы директоры Торстен Вебермен кездесті.
Сұхбаттаушылар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ қалдықтарды басқару және өңдеу, су ресурстарын басқару саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру сұрақтарын талқылады. Қазақстандық дипломат Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуал, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасы бойынша неміс бизнесі үшін айрықша жағдайлар мен жеңілдіктер, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р.Склярдың басқаруымен германдық инвесторлармен жұмыс жасау бойынша ұйымдастырылған Үкіметтік жұмыс тобы туралы хабарлады.
Сондай-ақ, Д.Кәріпов компанияны белсенді ынтымақтастыққа шақырды, атап айтқанда, жобаны қалдықтарды қайта өңдеу және жою бойынша мемлекеттік-жеке серіктестіктердің қатысуымен жүзеге асыруды ұсынды.
Өз кезегінде Т.Вебер компанияның қызметі туралы, сондай-ақ Ресей Федерациясындағы, Беларусь Республикасындағы және Польша Республикасындағы, қазақстандық тарапты қызықтыруы мүмкін, бірлескен жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі туралы хабардар етті.
Кездесу соңында Д.Кәріпов компанияның Индустриалды паркіне барып, кәсіпорының қағаздарды сұрыптау және құжаттарды жою саласындағы қызметімен танысты.
Ремондис, «Rhenus Logistics» (логистика, жүк тасымалы) және «SARIA» (жануарлардан қалатын қалдықтарды өңдеу, жаңартылатын энергия) жобаларымен қатар, «Rethmann Group» концернінің құрамына кіреді және сумен жабдықтау және қалдықтарды кәдеге жарату саласындағы әлемдегі ең ірі жекешелендірілген компаниялардың бірі болып табылады. Жыл сайын 25 миллион тоннадан астам шикізат жинауды, өңдеуді және сатуды жүзеге асырады. Қызметкерлер саны шамамен 36 мың адамды құрайды. Еуропалық Одақ, Қытай, Үндістан, Тайвань және Австралия елдерін қосқанда әлемнің 34 елінде өкілдіктері бар.