Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов Еуропарламенттің депутаты Никлас Нинасспен кездесті

Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов Еуропарламенттің депутаты Никлас Нинасспен кездесті

РОСТОК, 2020 ж. 25 маусым - Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшісі Дәурен Кәріпов Еуропалық Парламенттің депутаты, Еуропарламенттің Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі делегациясының мүшесі Никлас Нинасспен (Одақ 90/Жасылдар) кездесті.

Кездесу барысында қазақстандық дипломат сұхбаттасушыға Республикада қазақстандық қоғамды демократияландыру, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, адам құқықтарын қорғау және ел экономикасын модернизациялау бойынша жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтып берді. Сонымен қатар, Елші Германия сияқты түйінді елдермен стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының негізгі бағыттарына тоқталды.

Н.Нинасс Қазақстанда жүйелі саяси түрлендіру және экономикалық реформалар нәтижесінде болып жатқан оң өзгерістерді атап өтіп, сыртқы саясаттағы басымдықтар тұрғысынан Орталық Азияның Германияда ғана емес, жалпы ЕО-да өсіп келе жатқан маңыздылығына назар аударды.

Сонымен қатар Д.Кәріпов ҚР Президентінің 2019 жылғы желтоқсанда ГФР-ға жасаған сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жаңа серпін бергенін атап өтті. Елші Мемлекет басшысының неміс инвесторларына арналған преференциялық шарттар құру және ҚР-да бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі шараларымен таныстырды. Осы мақсатта ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары Р.Скляр басшылық ететін Үкіметтік Жұмыс тобы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелер мен түйіткілдерді жедел әрі құқықтық тұрғыда шешу бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізуде.

Сондай-ақ, қазақстандық дипломат екі ел арасындағы «жанды көпір» ретінде қызмет атқаратын Қазақстандағы 180 мың адам санайтын неміс қоғамдастығының және Германиядағы 900 мыңнан астам бұрынғы отандастарымыздың қазақстан-герман дипломатиялық қатынастарын және ауқымды сауда-инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетудегі қосып жатқан үлесін айрықша атап өтті.

Кездесу соңында тараптар парламентаралық ынтымақтастық аясында диалогты жалғастыруға келісті.