
БЕРЛИН, 2020 ж. 23 маусым – ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов ГФР Экономика және энергетика федералдық министрлігінің шикізат саясаты департаментінің директоры Томас Гэклемен кездесті
Сұхбаттасушылар 2012 жылы қол қойылған шикізат, өнеркәсіп және технологиялар салаларындағы ынтымақтастық туралы Үкіметаралық келісім аясында, сондай-ақ 2020 жылғы қаңтарда Федералдық үкімет қабылдаған ГФР-дың жаңа Шикізат стратегиясы тұрғысында Қазақстан мен Германия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективасын талқылады.
Сұхбат барасында қазақстандық дипломат ҚР Президентінің 2019 жылғы желтоқсанда және 2020 жылғы ақпанда ГФР-ға жасаған сапарлары экономиканың өнеркәсіп, технология және аграрлық секторларындағы ынтымақтастыққа қосымша серпін бергендігін жеткізді. Елші Мемлекет басшысының Қазақстандағы неміс бизнесіне арналған эксклюзивтік шарттар мен преференциялар құру туралы бастамаларына ерекше тоқталды.
Өз кезегінде Т.Гэкле үкіметаралық құжатты жүзеге асыру жөніндегі екіжақты ынтымақтастықтың дамуының оң қарқынын ескеріп, Қазақстан өзін сенімді халықаралық серіктес ретінде танытқанын атап өтті.
Кездесуге қатысушылар сондай-ақ ГФР Шикізат стратегиясының міндеттеріне және елдің индустриалды-инновациялық дамуы аясында
ҚР жаңғыруларының мақсаттарына жауап беретін бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында сұхбаттасушылар жер қойнауын пайдалану саласындағы ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығы мен қажеттілігін растады, сондай-ақ аталған мәселе бойынша қосымша екіжақты кездесулер мен кеңестер өткізу туралы келісті.