
2020 ж. 22 маусым, Берлин – ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов Көтерме, сыртқы сауда және қызмет көрсету федералдық одағының (BGA e.V.) Президенті Хольгер Бингманнмен, сондай-ақ «Bingmann Pflüger International GmbH» компаниясының Басқарушы акционері, ГФР-дың бұрынғы мемлекеттік және саяси қайраткері, профессор Фридберт Пфлюгермен кездесті.
Кездесу барысында сұхбаттасушылар ҚР Президентінің 2019 жылғы желтоқсанда және 2020 жылғы ақпанда ГФР-ға жасаған сапарлары барысында қосымша серпін берілген ҚР мен ГФР арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Ф.Пфлюгер Қазақстанның бірізді саяси түрленуі мен экономикалық реформалары аясында қол жеткізген оң нәтижелерін ерекше атап айтты. Д.Кәріпов өз кезегінде ҚР-дағы қазіргі ішкі саяси жағдаймен және ҚР Үкіметінің неміс инвесторларына арналған преференциялық шарттар құру және ҚР-да бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі шараларымен таныстырды. Осы мақсатта
ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары Р.Скляр басшылық ететін Үкіметтік Жұмыс тобы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелер мен түйіткілдерді жедел әрі құқықтық тұрғыда шешу бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізуде.
Кездесуде сондай-ақ Қазақстан-Германия сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығына қатысты алдағы іс-шаралар күнтізбесі талқыланды және келешекте бірлескен іс-шаралар өткізу туралы бірқатар ұсыныстар айтылды.
Көтерме, сыртқы сауда және қызмет көрсету федералдық одағы (BGA e.V.) Еуропаның аса ірі бизнес бірлестіктерінің бірі болып табылады. Конфедерация мәртебесіне ие BGA 70-тен астам бизнес қауымдастықты біріктіреді және ұлттық, еуропалық және халықаралық деңгейлердегі 1 трлн. еуродан астам айналымы бар 125 мың компанияның мүддесіне өкілдік етеді. BGA штаб-пәтері Берлинде орналасқан.