
НҰР-СҰЛТАН және БЕРЛИН, 2020 ж. 24 маусым – ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту және неміс инвестициясын Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне тартудың жаңа мүмкіндіктері бүгін Қазақстан-Германия экономикалық және сауда-инвестициялық қарым-қатынас мәселелері жөніндегі басты диалог алаңдарының бірі – Берлин Еуразиялық клубының 29-отырысында қарастырылды. Іс-шараны ҚР-дың ГФР-дағы Елшілігі, ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитеті Герман экономикасының Шығыс комитетімен (ГЭШК) бірлесіп, онлайн режимде ұйымдастырды. Өзекті жағдайды ескере отырып, БЕК отырысы екі елдің КВИ пандемиясына байланысты туындаған экономикалық дағдарыстың жағымсыз салдарын азайтудағы және бизнесті қолдаудағы күш-жігеріне, сондай-ақ дағдарыстан кейінгі экономикалық қалыпқа келу тұрғысындағы жаңа шараларды әзірлеуге арналды.
Отырыстың ашылуына ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары Роман Скляр, ГФР Азық-түлік және ауыл шаруашылығы федералдық министрлігінің Парламенттік статс-хатшысы Уве Файлер, ГЭШК Төрағасы Оливер Гермес, ҚР Сыртқы істер министрінің Орынбасары Алмас Айдаров және ҚР ауыл шаруашылығының вице-министрі Нұрбек Дайырбеков қатысты. Тақырыптық баяндамалар бойынша «ҚазАгро» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ербол Қарашүкеев, «John Deere International» компаниясының Бас директоры Дирк Штратман, «Германия-Қазақстан агросаяси диалогы» жобасының Басшысы Александр Барневиц сөз сөйледі.
Видеоконференция режимінде өткен талқылауға сондай-ақ Қазақстан мен Германияның 50-ге жуық үкіметтік және іскер топ өкілдері, соның ішінде ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов, ГФР-дың ҚР-дағы Елшісі Тило Клиннер, АӨК саласындағы алдыңғы қатарлы неміс компанияларының басшылығы, федералдық және салалық бизнес-қауымдастық өкілдері және т.б. қатысты.
Неміс инвесторларымен қарым-қатынас жөніндегі Үкіметтік жұмыс тобын басқаратын Р.Скляр өз сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пандемия жағдайындағы тұрақты экономикалық өсу мен халықты әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларын таныстырды.
Бұл тұрғыда Р.Скляр Аграрлық-өнеркәсіптік кешенін (АӨК) дамыту Қазақстан экономикасына шетелдік инвестиция тарту үшін басым бағыттардың бірі болып табылатынына тоқталды. Атап айтқанда, мал шаруашылығын дамыту, соның ішінде қой еті, құс еті, қозы етін өндіру және мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын алға тарту перспективасына назар аударды.
ҚР үкіметінің алдағы 10 жылда қосымша 50 млн. га жайылымды айналымға енгізу жөніндегі жоспарын айта келе, ол ықтимал неміс серіктестерді бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Өз кезігінде У. Файлер Германияның 2020 жылғы 1 шілдеде басталатын ЕО Кеңесіне алты айлық ротациялық төрағалығы аясында пандемияның экономикалық салдарымен күрес жөніндегі ГФР-дың жоспарымен таныстырды. Одан басқа Германия басымдығы «Еуропалық жасыл бағыт» стратегиясын жүзеге асыру, цифрландыруды кезең-кезеңмен енгізу, сондай-ақ еуропалық экономикаларды қолдауға арналған қаржылық шаралар пакетін қабылдауды қамтиды.
Неміс саясаткері қазақстандық АӨК дамуының қарқынына және ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасына оң баға берді. Оның пікірінше, осы арқылы ҚР мен ГФР үкіметтері арасында стратегиялық қарым-қатынасты дағдарыс кезінде қолдау мақсатында әрі Қазақстан ауыл шаруашылығы саласын ары қарай қолдау мен дамытуға қызығушылық танытқан неміс іскер топ өкілдері үшін жоғары инвестициялық тартымдылық пайда болады.
Өз кезегінде ҚР СІМ Басшысының орынбасары А.Айдаров еліміздің жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жөніндегі күш-жігеріне берік екенін және АӨК саласы халықтың жартысына дерлігінің негізгі табыс көзі болып саналатын Қазақстан үшін, сондай-ақ аумақтың жартысын фермерлік шаруашылықтар қолданатын ГФР үшін де экономикалық өсу мен әлеуметтік әл-ауқаттың әлеуетті үдеткіші ретіндегі ауыл шаруашылығының маңыздылығын атап айтты.
Панельдік талқылау барысында АӨК саласына инвестиция тартуға қатысты ағымдағы міндеттерді шешу туралы нәтижелі пікір алмасу орын алды, сондай-ақ Қазақстанның аймақтары мен аса ірі және табысты шаруашылықтар жұмыс істейтін Германияның федералдық жерлері деңгейінде ынтымақтастықты жандандыру бойынша бірлескен қадамдар қарастырылды. Одан басқа БЕК онлайн отырысының қатысушылары Қазақстан мен Германияның экономикалық байланыстарына пандемияның жағымсыз салдарын азайту бойынша бірлескен әрекеттерді үйлестіруді жалғастыруға келісті.
Ақпарат ретінде: Берлин Еуразиялық клубы 2012 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Германияға ресми сапары кезінде Қазақстан мен Германияның және Еуропаның басқа елдерінің Еуразиялық идеяны және ҚР-дың «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының мақсаттарын қолдайтын көрнекі саясаткерлері, халықаралық сарапшылар, ғылыми-қоғамдық және іскер топ өкілдерінің ашық қатысуына арналған бейресми диалог алаңы ретінде құрылды.
БЕК-тің бұған дейінгі 28-отырысы 2019 жылы 6 желтоқсанда Берлинде ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың төрағалығымен оның ГФР-ға ресми сапары аясында өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен сапар қорытындысы бойынша неміс инвесторларымен қарым-қатынас жөніндегі салалық министрліктердің бірінші басшыларының орынбасарлары құрамындағы Үкіметтік жұмыс тобы құрылды.