Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық жеріне жұмыс сапары аясында ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Д.Кәріпов «CLAAS» және «Rhenus Logistics» компанияларының басшылығымен кездесті

Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық жеріне жұмыс сапары аясында    ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Д.Кәріпов «CLAAS» және «Rhenus Logistics» компанияларының басшылығымен кездесті

ХАРЗЕВИНКЕЛЬ, ДУЙСБУРГ, 2020 жылғы 18-19 маусым – ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық жеріне жұмыс сапарымен барды.

Өнеркәсіп аймағына сапар аясында Елші Қазақстан экономикасына инвестициялауға және ҚР-дағы бірлескен жобаларға қызығушылық танытқан «CLAAS» және «Rhenus Logistics» компанияларының басшылығымен кездесті. Сұхбаттың арқауы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған неміс компанияларының басшылығымен 2019 жылғы желтоқсанда және 2020 жылғы ақпандағы кездесуі барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру болды.

«CLAAS» концернінің жаңадан тағайындалған Басқарма мүшесі және «CLAAS Global Sales GmbH» компаниясының Бас директоры Кристиан Радонспен Вестфалияның Харзевинкель қаласында өткен кездесуде бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және ҚР-да жоғары технологиялық өндіріс құру мәселелері талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша Елші компанияның алдыңғы қатарлы үлгілері – бидай және жемшөп жинау комбайндары, тракторлар, ауылшаруашылық баспақтары мен жемшөп дайындайтын техника қойылған концерннің көрме алаңын аралады. Көрмеде болу кезінде концерн қызметкерлері «CLAAS» техникасын пайдалану сенімділігіне кепіл беретін өндірістің жоғары технологиялық шешімдері мен процестері туралы хабарлады.

«CLAAS» фирмасы 1913 жылы отбасылық кәсіпорын ретінде негізі қаланған. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын әлемдік жетекші концерндердің бірі болып табылады. Компания сұрыпталымында ауыл шаруашылығы саласындағы соңғы үлгідегі заманауи ақпараттық технологиялар бар. Қазіргі уақытта «CLAAS» компаниясында әлем бойынша шамамен 11,4 мың қызметкер жұмыс істейді.  Концерннің жылдық айналымы 2019 жылы 3,9 млрд. еуроны құрады. «CLAAS» концерні Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын өткізетін және сервистік қызмет көрсететін «CT Agro» дистрибьютрлік желісі түрінде қызмет етеді.

Дуйсбург қаласына бару кезінде Елші Д.Кәріпов «Rhenus Logistics» компаниясының Басқарма мүшесі Михаэль Виферспен кездесті және Дуйсбург интермодальдық терминалына барды. Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастықты дамыту және Қазақстан аумағы арқылы компанияның жүк транзитінің көлемін арттыру мәселелері талқыланды.

«Rhenus Logistics» компаниясы 1912 жылы құрылған және «Remondis» (қалдықтарды қайта өңдеу және су ресурстарын басқару), «Saria» (жаңғыртылатын энергия көздері) және «Transdev» (қоғамдық көлікті басқару) компанияларымен қатар «Rethmann Group» концернінің құрамында. Компания мультимодальдық әуе және автокөліктік жүк тасымалы, теңіз тасымалы, жинақтау және тиеу сияқты кең спектрге арналған логистика саласында қызмет етеді. Компанияның әлемнің 50 елінде өкілдігі бар. 2019 жылдың қорытындысы бойынша компания айналымы 5,5 млрд. еуродан астам соманы құраған, қызметкерлер саны – 33 мың адам.

ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Д.Кәріповтің сондай-ақ «Fuchs Technology Consulting GmbH» компаниясының басшысы Андре Фукспен кездесуі барысында ҚР-да бірлескен жобалар, соның ішінде пайдалы қазбаларды өндіру мен қайта өңдеу саласындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды. Компания қызметі жаңа технологиялық процестер мен автоматтандыруды енгізу арқылы өндіріс қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған.