Жылқыны қолға үйрету тарихының «ізімен»

Жылқыны қолға үйрету тарихының «ізімен»

БЕРЛИН, 2024 ж. 9 сәуір – Бүгін Германия астанасында Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен «Шаңырақ астындағы кездесу: жылқыны қолға үйретудің ізімен» атты қызықты, жаңа форматтағы іс-шара өтті. Іс-шараға жылқыны қолға үйрету тарихын насихаттай алатын жетекші сарапшылар мен профессорлар қатысты.

Елші Нұрлан Онжанов сөзінің басында Қазақстандағы су тасқыны жағдайы мен табиғи апатты тежеу және су тасқынының зардаптарын жою бойынша үкіметтің қабылдап жатқан шаралары туралы хабардар етті.

Баяндамасында «шаңырақ» сөзінің қазақтар үшін мәні мен «шаңырақ астындағы кездесу», талқылау мен пікір алмасуды қамтиды жаңа форматының басталуы туралы толығырақ айтты. Сонымен қатар, шаңырақ астындағы алғашқы басқосу ежелден әрбір көшпенділердің өмірінде шешуші рөл атқарып келе жатқан жылқыны қолға үйрету сынды маңызды шара екендігін атап өтті. Қазақи наным-сенімдер мен әдет-ғұрыптардың басым көпшілігі жылқы культіне арналған, оларға көптеген аңыз-әңгімелері мен мақал-мәтелдер де тиесілі екендігін айтып, Елші жиналғандарды қазақ ауыз әдебиетімен таныстырды.

Берлиндегі алғашқы және ерте тарих мұражайының және Пруссия мәдени мұра қорының ғылыми қызметкері доктор Антон Гаcс Қазақстандағы Ботай және Берел қорғандарына жүргізген археологиялық қазбалары туралы баяндады. Табылған жәдігерлер жылқыларды қолға үйрету үрдісінің қазіргі Қазақстан аумағында болғанын растайды. Еліміздің солтүстігіндегі Ботай қонысындағы қазба жұмыстары бұл процестің шамамен 5500 жыл бұрын болғанын көрсеткен. А.Гасстың баяндамасы жылқыларды қолға үйрету үрдісі ежелгі дүниенің ең маңызды экономикалық саласында, соғыс жүргізу бағытында және халықтарды қоныстандыруда технологиялық төңкеріс жасағаны қатысушылардың қызығушылығын тудырды.

«Шаңырақ астында» танымал «Жабайы жылқылардың ізімен» кітабының авторы Штефан Шоманн Қазақстанға Пржевальский жылқыларын іздеу сапары туралы айтып берді. Кітап оқырманды Қазақстан даласына жетелеп, жабайы жылқылар әлеміне батырады, адам мен табиғаттың күрделі байланысын ашады.

Кездесуге қатысушылар 2024 жылдың маусым айында Берлин хайуанаттар бағындағы төрт Пржевальский жылқысы мен Прага хайуанаттар бағынан төрт жылқы Қазақстандағы табиғи мекендеу орындарына Алтын Дала қорығына қайтарылғаны туралы хабарды оң қабылдады.

Германияда алпыс жылдан астам саумалдан қымыз және түрлі косметикалық өнімдер шығарумен айналысып келе жатқан «Zollmann GmbH» компаниясының негізін қалаушы Ханс Цольман, дала өнімінің пайдалы қасиеттері мен денсаулыққа емдік әсерімен бөлісті.

Қызу пікірталас барысында қатысушылар жылқыны қолға үйретудің түрлі аспектілерін талқылап, пікір алмасты, сондай-ақ аталған саладағы алдағы зерттеулердің ықтимал бағыттары туралы ой бөлісті.

Кештің аяқталуында, қонақтар қазақтың киіз үйіне кіріп, безендірілуімен танысып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, дала өміріне сапар шекті.