Қазақстандық өнім әлемдегі ең ірі “Жасыл апта" аграрлық көрмесінде ұсынылды

Қазақстандық өнім әлемдегі ең ірі “Жасыл апта" аграрлық көрмесінде ұсынылды

Берлин, 19 қаңтар. Бейсенбі күні “GFFA" Дүниежүзілік азық-түлік және ауыл шаруашылығы форумына қатысу үшін Берлинге сапары аясында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков бастаған қазақстандық делегация "Жасыл апта" көрмесінің ресми ашылу салтанатына қатысты.

«2024 жылғы Халықаралық "Жасыл аптаның" ауқымды іскерлік бағдарламасы жетекші өндірушілердің озық технологияларымен, жетістіктерімен және практикалық тәжірибесімен танысуға, сондай-ақ әлемнің ауыл шаруашылығы саласындағы компаниялармен іскерлік байланыс орнатуға бірегей мүмкіндік береді», деп Ербол Тасжүреков неміс және қазақстандық журналистерге берген сұхбатында атап өтті.

Биыл көрмеге "Бота-2015" ЖШС, "Б-Агро Север" ЖШС, "Sun Planet Organic" ЖШС, "ЛОТТЕ РАХАТ" АҚ және т.б. қазақстандық компаниялар қатысуда. Экспозицияда 30-дан астам компаниялардың ет өнімдері, құрғақ бие және түйе сүті, ұн, өсімдік майлары, қазақтың ұлттық тағамы «жент», кондитерлік өнімдер, бал, жеміс шырындары, алкогольді және алкогольсіз сусындар өнімдері ұсынылған.

Германия Қазақстанның, әсіресе экономика және ауыл шаруашылығы секторындағы, маңызды серіктесі болып табылады. АӨК өнімдері бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 2023 жылғы қаңтар-қарашада 113,7 млн. АҚШ долл. құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,3 пайызға өсті. Осы уақыттың ішінде Қазақстаннан Германияға 26,2 миллион доллардың ауыл шаруашылығы тауарлары экспортталды. Сонымен қатар, негізгі жеткізілімдер балық филесі мен басқа да балық өнімдеріне келеді (16,9 млн. АҚШ; 2,2 мың тонна). Қазақстан өз кезегінде Германиядан шоколад пен құрамында какао бар басқа да дайын өнімдерді 24 млн. АҚШ долл. құрады (Германиядан Қазақстанға импорттың жалпы көлемі 2023 жылғы қаңтар-қарашада 87,5 млн. АҚШ).

Ербол Тасжүрековтің айтуынша, неміс инвесторларының қатысуымен CLAAS және HORSCH компанияларының ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жобасы іске асырылды.

«Жыл сайын Германиядағы дүкен сөрелеріндегі отандық тауарлардың ассортименті кеңейе түсетініне сенімдімін. Қазақстанның осы көрмеге қатысуы дәстүрге айналды және іскерлік байланыстар орнатуға, тәжірибе алмасуға және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал ететін маңызды оқиға болып табылады», деп вице-министр атап өтті.

Анықтама: Жасыл апта көрмесі 1926 жылы бірінші рет ұйымдастырылып, әлемнің азық-түлік, ауыл шаруашылығы және бау-бақша саласындағы ең ірі халықаралық жәрмеңкесі болып табылады. Дәстүр бойынша қаңтар айында барлық әлемдегі экспоненттер он күндік іс-шараларға арналған өнімдердің кең ассортиментін ұсынады. Сонымен қатар, “Жасыл апта” климатты қорғау, азық-түлік қауіпсіздігі, табиғи ресурстарды сақтау және тұрақты даму сияқты өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге негіз береді.