
БЕРЛИН, 2023 ж. 7 желтоқсан — Қазақстанның Германиядағы Елшілігі Гумбольдт атындағы Берлин университетімен бірлесіп Оныншы Студенттер форумын өткізді.
Студенттік форум алғаш рет Германия серіктестерінің, неміс ғалымдар мен студенттерінің, тікелей қатысуымен өтті. «Байланыс құру» тақырыбымен өткен іс-шара негізінен қазақстандық және неміс студенттері арасында байланыс орнатуға бағытталған.
Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов өз сөзінде қатысушыларды білім және ғылым саласындағы реформалар туралы, сондай-ақ Қазақстан мен Германия арасындағы білім саласындағы қазіргі екіжақты ынтымақтастық туралы хабардар етті. Елші бар әлеуетті атап өтті және өзара әрекеттесу үшін барлық қолда бар мүмкіндіктерді белсендірек пайдалануға шақырды. Оның айтуынша: «Федералдық президент Франк-Вальтер Штайнмайердің маусымдағы Қазақстанға мемлекеттік сапары және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйектегі Германияға ресми сапары екіжақты қарым-қатынастарды кеңейту үшін әлеует пен саяси ерік-жігерді айқын көрсетті».
Гумбольдт атындағы Берлин университеті жанындағы Азия және Африка елдерін зерттеу институтының «Орталық Азия» семинарының жетекшісі, профессор, доктор Манья Штефан-Эмрих Орталық Азия елдерін зерттеу жөніндегі ғылыми жұмысының нәтижелерімен таныстырды. Аймақ елдері тұрғындарының негізгі діні ретіндегі ислам тақырыбына ерекше назар аударылды. Форумға қатысушылар Орталық Азия елдері халықтарының мәдени дамуының кейбір аспектілерімен де танысты.
Профессор, доктор Сюзанна Франк Берлиндегі Гумбольдт университеті жанындағы славян және венгртану институтын таныстырды. Ол Шығыс славян әдебиеті мен мәдениеті бөлімінің меңгерушісі. Неміс лингвистері үшін осы саланы және оның рөлін зерттеуге арналған экскурсқа ерекше назар аударды.
Сұрақ-жауап форматындағы одан әрі талқылау барысында іс-шараға қатысушылар Германия мен Қазақстан арасындағы өзара іс-қимыл туралы өз ойларын ортаға салды. Неміс қатысушылары Германия мен Батыс Еуропа Орталық Азияны жаңа қырынан ашып жатқанын атап өтті және мүмкіндіктерді белсенді түрде бөлісуді жақтады.
Қызу пікірталастардан кейін қазақстандық студенттер неміс қатысушыларға «асық ату» мен «тоғыз құмалақ» қазақтың ұлттық ойындарын көрсетті. Неміс форумының кейбір қатысушылары қазақстандық әріптестерімен ептілік пен шеберлік бойынша жарысты.
Іс-шара бірлескен фуршетпен аяқталды, оның барысында қатысушылар байланыс ақпаратымен алмасып, әсерлерімен бөлісті.
Гумбольдт университетімен бірге тұңғыш студенттік форумның өткізілуі, ең алдымен, Қазақстанға деген үлкен қызығушылықты көрсетті. Іс-шараға қатысушылардың көптеген оң пікірлерін ескере отырып, алдағы уақытта неміс серіктестерінің қатысуымен жыл сайынғы студенттік форумдарды өткізу жоспарлануда.