ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары Роман Скляр және 50-ден астам неміс компанияларының қатысуымен кезекті веб-конференция өтті

ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары Роман Скляр және 50-ден астам неміс компанияларының қатысуымен кезекті веб-конференция өтті

БЕРЛИН, 2020 жылғы 20 мамыр - ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары Роман Скляр және неміс компаниялары басшыларының қатысуымен кезекті веб-конференция өтті. Іс-шара дәстүрлі түрде ГФР-дағы ҚР Елшілігінің, ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитеті,  «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, Герман экономикасының Шығыс комитетінің қолдауымен ұйымдастырылып, екіжақты өнеркәсіптік, әсіресе, машина жасау саласындағы ынтымақтасты тереңдетуге және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы желтоқсанда және 2020 жылғы ақпанда ГФР-ға сапары аясында неміс іскер топ өкілдерімен кездесуі барысында қол жеткізілген келісімдерді іс жүзіне асыруға арналды.

Веб-конференцияға 50-ден астам алдыңғы қатарлы неміс компанияларының, атап айтқанда, Henkel AG & Co. KGaA, Herrenknecht AG, Infineon Technologies AG, Weidmüller Interface GmbH & Co. KG, Knauf International GmbH, METRO AG, WILO Group, Lufthansa Group және т.б. басшылары мен өкілдері қатысты. Қазақстан тарапынан ҚР Сыртқы істер министрінің Орынбасары Алмас Айдаров, Инфрақұрылым және индустриялық даму министрлігі, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ, «QazIndustry» Қазақстан индустрия және экспорт орталығы» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Жолаушылар тасымалы» АҚ және тағы басқа құрылымдардың басшылары қатысты.

Р.Скляр ҚР Үкіметінің Қазақстан халқының денсаулығын сақтау мен қорғау, кіріс пен бизнесті қолдау, коронавирус пандемиясына байланысты дағдарыстың жағымсыз экономикалық салдарын азайту жөніндегі теңдессіз шаралары туралы хабардар етті. Ол сондай-ақ дағдарыстан кейінгі даму жағдайында Қазақстан экономикасын диверсификациялауға және қолда бар қуатты шикізат базасы негізінде жаңа өнеркәсіп өндірістеріне ерекше мән берілетінін атап айтты.

Германия тарапынан сөз сөйлеген «Schaeffler AG» компаниясының Басқарма төрағасы Клаус Розенфельд ҚР мен ГФР арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жан-жақты дамытудың маңыздылығына тоқталып, дағдарыстың жалпы ГФР-дағы өнеркәсіп саласына жағымсыз әсерін азайту шаралары туралы хабардар етті.

Онлайн-кездесу барысында «ҚМО» ЗТБ Басқарма төрағасы Мейрам Пшембаев елдің 540-тан астам машина жасау кәсіпорнын, соның ішінде неміс капиталы бар компанияларды біріктіретін бизнес-қауымдастықтың қызметі туралы айтып берді. Өз сөзінде ол ҚР-дағы машина жасау саласының даму перспективаларына, 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын жүзеге асыру және Өнеркәсіпті дамыту қорын құру мәселелеріне баса назар аударды.

Веб-конференция соңында «сұрақ-жауап» форматында өткен талқылау барысында қатысушылар сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру маңыздылығын айтты, бірқатар тәжірибелік сұрақтарды талқылады және алдағы уақытта осындай кездесулерді тұрақты ұйымдастырып тұруға келісті.