
МАЙНДАҒЫ ФРАНКФУРТ, 2019 жылғы 10 шілде - Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов ҚР Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы «RAEX-Europe» агенттігімен бірлесіп ұйымдастырған Қазақстанның кредиттік рейтингінің тұсаукесеріне қатысты. Іс-шараға жергілікті бизнес қауымдастығының, қаржы және банк салаларының, БАҚ өкілдері қатысты.
Өз сөзінде, Дәурен Кәріпов қатысушыларға Қазақстанның қазіргі таңдағы саяси-экономикалық дамуы туралы, еліміздің шетелдік инвестициялар үшін тартымдығы туралы баяндап берді.
Қазақстандық дипломат «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы», «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы», «Астана Хаб» IT-стартаптар технопаркінің қызметтерінің негізгі бағыттары, елімізде басталған мемлекеттік компанияларды жекешелендірудің екініші толқыны тақырыптарына ерекше тоқталды. Елші Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың айтарлықтай әлеуеті бар екенін атап өтіп, екі мемлекеттің бизнес өкілдерін өзара әрекеттестіктерін жандандыруға шақырды.
Іс-шара барысында АХҚО атқарушы директоры Тимур Онжанов Орталықтың жұмысы, ал «Kazakh Invest» аумақтық менеджері Айнұр Тумышева Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы баяндамалар жасады.
«Raiting-Agentur Expert RA GmbH» (RAEX-Europe) рейтингтік агенттігі директорының орынбасары Гектор Альварес қатысушыларды еліміздің кезекті рейтингімен таныстырып, 2019 жылдың І жарты жылдығында «BBB-» деңгейінде тұрақты болжаммен расталғанын жеткізді.
RAEX-Europe - Еуропалық Одақта (Майндағы Франкфурт қ.) орналасқан тәуелсіз рейтингтік агенттік болып табылады. Ол стратегиялық акционер арқылы Ресей мен ТМД-ның көшбасшысы RAEX рейтингтік агенттіктер тобымен үлестесілген. Агенттік Еуропалық нарықтарды және бағалы қағаздарды реттеу органымен (ESMA) ресми тіркелген. Қазақстан Республикасының кредиттік рейтингін 2016 жылғы 29 қаңтардан бастап жүргізіп келеді.