Қазақстан мен Германия менеджерларының біліктілігін арттыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Қазақстан мен Германия менеджерларының біліктілігін арттыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

БЕРЛИН, 2019 жылғы 4 шілде – ГФР-дағы ҚР Елшісі Дəурен Кəріпов басқарма кадрларын дайындау Бағдарламасының Қазақстан-Германия  Басқарма комитетінің 4-отырысына қатысты. Экономика және энергетика Федералды министрлігінің және  Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамының (GIZ) қамқорлығымен өткен іс-шараға сондай-ақ  ҚР ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов, "Атамекен" ҰКП Басқарма Төрағасының Орынбасары Евгений Больгерт және ҚР ұлттық  экономика Министрлігінің қызметкерлері құрамындағы қазақстандық делегация қатысты.

ГФР Үкіметі қаржыландыратын Бағдарламаның мақсаты - ҚР кәсіпорындары басшыларын неміс кəсіпорындарымен іскерлік байланыс және өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мақсатты түрде дайындау. Жыл сайын бұл Бағдарламаға шамамен 50 қазақстандық басшы қатысады. Қатысушыларды таңдауда басымдық ҚР экономикасының  басымды бағыттарында қызмет ететін жəне ГФР компанияларымен байланыс орнатуға қызығушылығы бар шағын және орта кәсіпкерлерге беріледі. Бағдарламаның ҚР-дағы серіктестері - ҚР ҰЭМ және "Атамекен" ҰКП.

ГФР экономика және энергетика Федералды министрінің Орынбасары Андреас Николиннің төрағалығымен өткен отырыс аясында қатысушылар Бағдарламаның жүзеге асырылуының қазіргі жағдайын қарастырды, оны жақсартуға бағытталған ұсыныстарды талқылады, сондай-ақ алдағы ынтымақтастық перспективаларына қатысты пікір алмасты.

Өз сөзінде Д. Кəріпов еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігі мен əлемнің 30 дамыған елінің қатарына енуін қамтамасыз етуге бағытталған экономиканы жаңғырту мен цифрландыру жөніндегі ҚР-дағы  бағдарламалардың сəтті жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Алға қойылған міндеттерді шешу үшін елімізге жоғары білікті кадрлар қажет екенін айта келе, бұл Бағдарламаның алдыңғы қатарлы өндірісті басқаруға қабілетті, серпінді техникалық шешімдер жасап шығарып, қолдана алатын заманға сай менеджерлер дайындаудағы зор үлесін атап айтты. Д. Кəріпов сондай-ақ неміс тарапына Қазақстан экономикасына арналған басқару кадрларын дайындауға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Іс-шара қорытындысы бойынша Бағдарлама қызметін жалғастыру туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар Д. Кəріпов экономика және энергетика Федералды министрлігінің Статс-хатшысы Ульрих Нуссбауммен кездесіп, алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.