
2020 жылғы 8-9 мамыр, БЕРЛИН – Ұлы Жеңістің 75 жылдығын тойлау аясында Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов және ҚР-дың ГФР-дағы Елшілігі жанындағы әскери атташе аппараты Қызыл Әскер жауынгерлеріне арналған ескерткіш кешеніндегі әскери зиратқа, Берлиннің Трептов паркіндегі «Азат етуші жауынгер» ескерткішіне және Тиргартендегі қаза тапқан кеңестік жауынгерлер мемориалына гүл шоқтарын қою салтанатына қатысты.
Биылғы салтанатты іс-шаралар COVID-19 індетінің таралуын болдырмау мақсатында қабылданған жергілікті шектеу шараларын сақтай отырып, дәстүрлі түрде бұрынғы КСРО мен антигитлерлік коалияцияға қатысушы мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері басшыларының қатысуымен өтті. Осы ретте жеңімпаз елдер өкілдері Ұлы Отан соғысының барлық ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне жылы лебіздерін білдіріп, мықты денсаулық пен амандық тіледі.
2019 жылғы қаңтарда Берлин қаласы депутаттарының Палатасы Берлин федералдық жерінің заңнамасына енгізген түзетуге сәйкес, биыл вермахттың сөзсіз капитуляциясы мен Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толуына орай 8 мамыр бір реттік демалыс күні болып жарияланды.