
Бүгін Конституция күнін мерекелеу қарсаңында Қазақстанның Берлиндегі Елшілігі «Қазақстандағы конституциялық реформалар – референдумнан кейінгі бір жыл» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Дөңгелек үстел аясында азаматтық қоғамды қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықпен күрес және сөз бостандығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ашық пікір алмасу болды.
Шараға Германия Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, саясаткерлер, неміс БАҚ өкілдері, саясаттанушылар мен Қазақстан және Орталық Азия бойынша сарапшылар қатысты.
Шараны ашқан Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов демократиялық институттарды нығайтуға және биліктің азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған реформаларға ерекше назар аударды.
Қазақстан-Германия қоғамының төрағасы Томас Хельм қабылданған реформалар аясында Қазақстанда орын алған өзгерістерге оң баға беріп, бүкіл республикада Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз ететін Конституциялық Сот құрылуының маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте ол Қазақстан Республикасындағы саяси қайта құрулар осыдан төрт жыл бұрын басталып, референдумнан кейін де жалғасын тапқанына жиналғандардың назарын аударды. Оның пікірінше, реформалардың маңызды жетістіктерінің бірі депутаттардың бір бөлігін бір мандатты округ бойынша сайлау мүмкіндігі болды.
Т.Хельм әлемде президенттері бір мерзімге ғана сайланатын елдердің көп еместігіне назар аударды.
Осы тұрғыда жиналғандар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттің өкілеттігін бір жеті жылдық мерзіммен шектеу туралы бастамасын жоғары бағалап, бұл өзгерістердің плюрализмді қамтамасыз етуге, билік және парламенттің өкілеттіктерін кеңейтуге, заң шығарушы тармақты нығайтуға тигізетін әсері туралы пікір алмасты.
Халықаралық саясат институтының ғылыми қызметкері, Еуразия қоғамының төрағасы Александр Рар өз сөзінде жалпы әлемдік қауымдастықтағы Орталық Азия аймағы рөлінің артуы жағдайында Қазақстандағы қайта құрулар туралы айтты.
Өз кезегінде Германияның бұрынғы Елшісі, Орталық Азия бойынша сарапшы, доктор Арне-Клеменс Зайферт Қазақстанның Конституциясына өзгертулер енгізу аясындағы қадамдары айтарлықтай оң нәтиже беріп отырғанын атап өтті. «Бұл сапалы қадам және бүкіл аймақ үшін үлкен ілгерілеу», - деді сарапшы.
«Open International Dialogue» ұйымының президенті Кристиан Гросс Қазақстанға жақында жасаған сапарынан алған әсерімен бөлісті. Атап айтқанда, ол елімізде байқалып отырған саяси өмірдің жаңғыруын және бұл ретте өскелең ұрпақтың рөлін атап өтті. К.Гросс елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға оң баға беріп, Қазақстанның дұрыс бағытта келе жатқанына тоқталды.
«Батыс-Шығыс» BDWO Федералдық қоғамдар одағының басқарма төрағасы және жергілікті «Восток» баспасының басшысы Петер Франке азаматтық қоғамды одан әрі нығайту қажеттігі туралы пікірін білдірді және неміс азаматтық бірлестіктерінің Қазақстандық ҮЕҰ-мен өзара әрекеттесуіне мүдделі екенін айтты.
Сонымен қатар, «Дөңгелек үстелге» қатысушыларды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жаңа құрамының жұмысы, оппозициялық партиялардың рөлі, қазақстандық партияларды қаржыландыру, БАҚ қызметі және Қазақстан Республикасындағы азаматтық қоғамды қолдау шаралары сияқты мәселелер қызықтырды.
Талқылау барысында Елші Нұрлан Онжанов Қазақстан Республикасының бастамасымен 29 тамызды БҰҰ Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялағанын ерекше атап өтті. Дипломатиялық миссия басшысы Қазақстан ядролық қарусызданудың қызу жақтаушысы және ядролық сынақтардан азат қауіпсіз әлем құруды белсенді қолдайтынын атап өтті.
Сарапшылар мұндай пікір алмасулар мен пікірталастарды өткізудің маңыздылығы туралы бірауыздан ойларын білдіріп, серпінді жаһандық сын-қатерлер мен өзгерістер жағдайында Қазақстанның одан әрі дамуы үшін Конституцияға енгізілген түзетулерді толық көлемде жүзеге асыруда сәттілік тіледі.