
Маңғыстау облысы, 2023 жылғы 21 маусым – Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Германияның Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайер бүгін Маңғыстау облысындағы Құрық портына барып, «Орта дәліздің» қазақстандық көлік-логистикалық жобаларымен танысты. Неміс делегациясы порт аумағын аралап, оның инфрақұрылымын кеңейту және қуатын арттыру бойынша жұмыстармен танысты.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов неміс делегациясын жобалармен таныстыру барысында Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттары Қытаймен шекарадағы Қорғас құрғақ портымен бірге Қазақстанның жаһандық интеграциясын күшейтіп, оның Еуразиядағы негізгі транзиттік ел мәртебесін бекіткенін атап өтті. Қытайдан және Орталық Азиядан Еуропаға тауарлардың 80 % - дан астамы Қазақстан арқылы тасымалданады.
Бірлескен күш-жігердің арқасында Қытайдан Еуропаға жүктердің өту мерзімі шамамен үш есеге қысқарды: 53-тен 19-23 күнге дейін. Бұл бағыттағы келесі мақсат - ағымдағы жылдың соңына дейін жүктердің өту мерзімін 14-18 күнге дейін қысқарту болып табылады.
«Бұл ретте Қазақстан аумағы арқылы транзит мерзімін екі есеге, 12 күннен 6 күнге дейін, ал жыл соңына дейін оны 5 күнге дейін қысқартқымыз келеді», - деп атап өтті Ә.Смайылов.
Континенттік сауда картасында Транскаспий Халықаралық Көлік бағыты, «Орта дәліз» деп те аталатын Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға тасымалдаудың ең қысқа жолы маңызды рөл атқарады.
Каспий дәлізі арқылы Германия мен ЕО елдеріне жүк ағыны 2022 жылдың басынан бері 3 есеге жуық өсті.
Оның негізгі бағыттарының бірі - Қытай мен Орталық Азиядан Еуропаға Германияның Засниц/Мукран теміржол-порт кешеніне дейінгі мультимодалды маршрут болды. Дуйсбург және Гамбург порттары да «Жаңа Жібек жолы» жобасының орталықтары болды.
2025 жылға қарай Ақтау портында контейнерлік хаб құру жоспарлануда, бұл тасымалдау көлемін жылына 40 000-нан 215 000 ЖФЭ-ге дейін ұлғайтады.
Бұдан басқа, астық, құю және басқа да сусымалы жүктерге арналған көлік-логистикалық орталық пен терминал салу көзделген. Бұл Қазақстан порттарының өткізу қабілетін 30 млн тоннаға (+10 млн тонна) дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Құрық порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында, Ақтау теңіз сауда портының оңтүстігінде орналасқан. Өндірістік қуаттылығы жылына 6 млн тоннаны құрайды. Құрық паром кешені арқылы қазақстандық астық, көмір, мұнай өнімдері, тыңайтқыштар, химикаттар, сондай-ақ транзиттік жүктер экспортқа жіберіледі.
Бірқатар ірі неміс көліктік-логистикалық компаниялар «Орта дәліз» арқылы жүктерді тасымалдау бойынша жұмыс істеуге мүдделі, осыған байланысты тараптар қазақстандық порттардың инфрақұрылымын кеңейту және дамыту жөніндегі жобаларға неміс тарапының қатысу мүмкіндіктерін талқылады.