Ақтауда болашақ «жасыл» сутегін өндіру бойынша іздестіру жұмыстары басталды

Ақтауда болашақ «жасыл» сутегін өндіру бойынша іздестіру жұмыстары басталды

АҚТАУ, 2023 жылғы 21 маусым - Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында Германияның Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловпен бірге Ақтауда «жасыл» сутегін өндіру жөніндегі болашақ кешені үшін іздестіру жұмыстарын іске қосу рәсіміне қатысты.

Hyrasia One жобасының бөлігі болып табылатын жобаны «Svevind» неміс-швед компаниясы іске асырады.

Салтанатты рәсім Құрық портының маңындағы жобалау аумақтарында Қазақстан мен Германияның сарапшылар және бизнес-қоғамдастықтары өкілдерінің қатысуымен көшпелі форум аясында өткізілді.

Іс-шараның ашылуында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстан Германияның энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сенімді серіктесі болып табылатынын және Германия экономикасын энергетикалық ресурстармен – мұнаймен, көмірмен, ал келешекте сутегімен сенімді түрде қамтамасыз етуге дайын екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Астанада сутегі дипломатиясының неміс кеңсесінің ашылуы және 7 маусымдағы сутегі дипломатиясы бойынша алғашқы қазақстан-герман симпозиумының өткізілуі «жасыл» сутегі саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың бастамасы ғана болып табылады. Табиғи жағдайларды, геосаяси аспектілерді, халықаралық ынтымақтастықты, экономикалық әртүрлілікті, сондай-ақ ғылыми топтар, өнеркәсіп пен үкімет арасындағы кооперацияны ескере отырып, Қазақстан бүкіл Орталық Азия өңірінің сутегі энергетикасын дамытудың локомотиві болып табылады және оның осы саладағы орталығы болудың барлық алғышарттары бар.

«Біздің республикамыз «жасыл» сутекті өндіру үшін тамаша орын болып табылады және оның экспорты бойынша әлеуеті ең жоғары 8 елдің қатарына кіреді», - деді Ә.Смайылов.

Форум барысында қатысушыларға осы жоба туралы ақпарат беріліп, оның іске асырылу барысы туралы айтылды. Осылайша, «Svevind Energy» ЖШС Басқарма төрағасы В.Кропптың айтуынша, инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 50 млрд АҚШ долларын құрайтын болашақ кәсіпорын әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың біріне айналады. Зауыттың 20 ГВт электролизерлері жыл сайын 2 миллион тоннаға дейін климаттық бейтарап сутекті өндіруге қабілетті болады, бұл ЕО-ның 2030 жылға қарай жасыл сутекті импорттау мақсатының бестен біріне тең. Электролизерлер паркі Қазақстанның оңтүстік-батыс бөлігінің жазықтарында орналасқан жалпы қуаты шамамен 40 ГВт жел және фотоэлектрлік қондырғылардан қуат алатын болады.

Кәсіпорын 2030 жылы іске қосылады, ал 2032 жылы зауыт толық қуатына шығады деп күтілуде.

Германия президентінің жоба алаңына баруы және іздестіру жұмыстарының іске қосылуы Қазақстанның ауқымды энергетикалық трансформациясының басталу тарихының сәтін белгілейді.

Орнықты даму және «жасыл» технологияларды дамыту қағидаттарын ілгерілету мәселелерінде көшбасшы болып табылатын Германиямен ынтымақтастық Қазақстанның экономиканы қарқынды дамып келе жатқан жаһандық экологияландырудағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің маңызды факторы болып саналады.

Климаттық бейтарап сутегі Еуропалық Одақтың қазба отынына тәуелділікті азайту және бірқатар салалардағы көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту жоспарының негізгі элементі болып табылады. ЕО 10 миллион тонна «жасыл» сутегі өндіруге және осындай көлемді осы онжылдықтың соңына дейін басқа елдерден импорттауға ниетті.