
АСТАНА, 2023 жылғы 20 маусым – Елордамызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Германия Федеративтік Республикасының Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің қатысуымен Қазақстан-Герман бизнес-форумы өтті.
ҚР Сыртқы істер министрлігі, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, Герман экономикасы Шығыс комитетінің және Орталық Азиядағы Германия экономикасы өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шара өнеркәсіп, машина жасау, энергетика, көлік саласындағы қазақстан-герман ынтымақтастығын дамытуға арналды.
Форум жұмысына 400-ден астам адам қатысты, олардың ішінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, ұлттық және квазимемлекеттік компаниялардың басшылары, салалық және өңірлік бизнес-қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ ресми делегация құрамында келген бірқатар жетекші неміс компанияларының басшылары.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Қ.Тоқаев пен Ф-В.Штайнмайер соңғы жылдары Қазақстан мен Германия арасындағы сауда қатынастарының серпінді өсуін, сондай-ақ логистика, азық-түлік қауіпсіздігі, энергетика, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері, маңызды шикізатты өндіру және өңдеу сияқты салалардағы ынтымақтастық әлеуетін атап өтті.
Герман тарапының статистикасына сәйкес, екі ел арасындағы сауда айналымы 2022 жылы 9,71 миллиард еуроға жетті (экспорт - 2,8 млрд, импорт - 6,9 млрд еуро). 2005 жылдан бастап Германияның Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестицияларының көлемі шамамен 5,8 миллиард АҚШ долларын құрады, олардың басым бөлігі өңдеу секторларына бағытталған.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың айтуынша, ГФР Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды серіктесі болып табылады, неміс инвесторларына және кәсіпорындарына елімізде бизнес жүргізу үшін эксклюзивті салықтық жеңілдіктер мен преференциялар, сондай-ақ инвестицияларды өзара қорғау сияқты қолайлы жағдайлар жасалған.
Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда биоәртүрлілікті сақтауға ықпал ететін, жаңартылатын энергия көздерін дамытуды ынталандыру үшін тарифтер белгілейтін және елдегі 50 ірі эмитент үшін көміртегі шығарындыларына шектеулер енгізетін жаңа экологиялық кодекс күшіне енгенін хабарлады. ESG, жаһандық энергетикалық және технологиялық көшу талаптарын күшейту жағдайында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы әзірленуде.
Қ.Тоқаев өзінің сөзінде неміс компанияларын инвестициялық байланыстардың ауқымын мен тереңдігін кеңейтуге, сондай-ақ жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Форум барысында қазақстандық тараптан ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов сөз сөйлеп, Қазақстанның инвестициялық әлеуеті туралы пікір-таласқа белсенді қатысты.
Германия тарапынан спикерлер ретінде Федералдық экономика және климатты қорғау министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Удо Филипп, HMS Bergbau компаниясының Бас директоры Дэннис Швиндт, Солтүстік және Шығыс Еуропа аймағы бойынша «Deutsche Bank AG» компаниясының Бас директоры Йорг Бонгартц, Siemens акционерлік қоғамының Вице-президенті Патрициа Нойман қатысты.
Іс-шарада сөз сөйлеген герман спикерлері Қазақстанның ГФР-ға дәстүрлі энергия ресурстарын жеткізуді ұлғайту, «жасыл» энергияны өндіру және одан әрі экспорттау әлеуетін жоғары бағалады. Сонымен қатар, олар Қазақстанның Орталық Азиядағы сауда және инвестициялық серіктес және жүктерді Азиядан Еуропаға тасымалдау кезіндегі транзиттік ел ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Қазақстанда ұсынылған герман компанияларының өкілдері Қазақстан экономикасына инвестиция салудың табысты тәжірибесімен бөлісті.
Форум барысында бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойылды.