
АСТАНА, 2023 жылғы 20 маусым – Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германияның Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің қатысуымен алғашқы «Қазақстанның және Германияның жоғары оқу орындары ректорларының форумы» өтті.
Іс-шараға Қазақстан мен Германияның жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары мен басшылары, соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық ғылыми-зерттеу техникалық университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік университеті және т.б. Германиядан Берлин техникалық университеті (Technische Universität Berlin), Берлин еркін университеті (Freie Universität Berlin), Дармштадт техникалық университеті (Technische Universität Darmstadt), Мартин Лютер атындағы университеті (Martin-Luther-Universität Halle-Wittenberg), Гамбург қолданбалы ғылымдар жоғары мектебі (HAW Hambrug), Шмалькальден жоғары мектебінің (Hochschule Schmalkalden) және т.б жетекшілері келді. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен Форумның бірінші бөлімінде қатысушылар екі ел ынтымақтастығының перспективалық бағыты ретінде білім, ғылым және ғылыми-зерттеу саласындағы өзара іс-қимылына ерекше назар аударды.
Қазақстандық және неміс спикерлері білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету мүмкіндіктері, сондай-ақ қазіргі заманның сын-қатерлерін шешу жолдары туралы өз пікірлерін білдірді.
QazExpoCongress орталығында жалғасқан Форумның екінші бөлімінде қатысушылар Қазақстан және Германия арасындағы ғылыми-зерттеу, инновация, сондай-ақ интеграция мәселелерін талқылап, Алматыдағы Қазақстан-Неміс университеті, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Ақтау қаласында Қазақстан-Германия тұрақты инженерия институтын, сондай-ақ Өскемен қаласында Қазақстан-Германия ғылым және технология институтын құру туралы өзекті бірлескен жобаларын ұсынды.
Аталған жобаларды институционализациялау мақсатында Форум аясында бірқатар құжаттарға қол қойылды, олар да академиялық және ғылыми алмасу саласындағы қазақстандық және неміс университеттерінің одан әрі ынтымақтастығы үшін негіздік алғышарттар жасайды.
Қол қою рәсімін ашу алдында Президент Тоқаев Орталық Азияда теңдесі жоқ Қазақстан-Неміс университетінің қызметін және екі Қазақстан-Германия институтын құрудағы ҚНУ-нің қолдауын жоғары бағалады.
«Бұл біздің еліміздің Германияның жетекші университеттерімен және ғылыми орталықтарымен бірлесіп Орталық Азияда академиялық және білім беру хабын құру мақсатына толығымен сәйкес келеді», - деп атап өтті Мемлекет басшысы және бұл жоба Қазақстанның басқа аймақтарындағы мекемелерінде осындай білім беру ұйымдарының пайда болуына жол ашатынына сенім білдірді.
Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек неміс ректорлары мен ғалымдарын еліміздегі қатысуын белсенді түрде кеңейтуге шақырып, Қазақстан үкіметінің жан-жақты қолдау көрсететініне сендірді.
Сонымен қатар С.Нұрбек Форум қатысушыларына Қазақстан Республикасында білім және ғылым саласында жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтып берді.
Германияның Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ү.ж. 21 маусымда Ақтау қаласына сапары барысында Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті жанындағы Қазақстан-Германия тұрақты инженерия институтының ашылу салтанатына қатысады және қазақстандықтар машина жасау саласындағы алдыңғы қатарлы неміс тәжірибесін зерттеп, Маңғыстау облысындағы жасыл сутегі өнеркәсібінің сұранысына сай білікті маман болатын институттың жаңа ғимаратының іргесін қалайды.
2023-2024 оқу жылында екі білім беру бағдарламасы – Энергетика және экологиялық инженерия және көлік логистикасы бойынша 30 студентті қабылдау жоспарлануда.