Германияның Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді

Германияның Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді

АСТАНА, 2023 жылғы 19 маусым - бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Германия Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайер республикамызға мемлекеттік сапармен келді. Мәртебелі қонақты Астана әуежайында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қарсы алды.

Қазақстанға үш күндік сапары барысында Германияның Президенті Мемлекет басшысымен келіссөздер жүргізіп, Қазақстан-Германия бизнес форумына және Қазақстан мен Германияның жоғары оқу орындары ректорларының форумына қатысады, сондай-ақ Маңғыстау облысына барады.

Президент Штайнмайердің қазіргі сапары біздің бірлескен ынтымақтастығымыздың келесі кезеңінің символдық бастамасы болып табылады.

Сапар барысында энергетика, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистикалық, аграрлық секторлардағы бірқатар әлеуетті жобаларды талқылау, ғылым, білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайту, адами капиталды жетілдіру мәселелеріне пікір алмасу жоспарлануда, бұл біздің азаматтарымыздың игілігі үшін екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастыққа қосымша серпін береді.

Германия Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекеттерінің бірі болып табылады. ҚР мен ГФР арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 11 ақпанда орнатылды.

Бүгінгі таңда Германия Қазақстанның ЕО-дағы сенімді саяси және сауда серіктесі болып табылады.

Германияның Федералдық статистика ведомствосының мәліметіне сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша екі мемлекет арасындағы сауда көлемі 90,2 % өсіп, 9,7 миллиард еуроға жетті. Қазақстаннан Германияға экспорт көлемі 86,5 %-ға өсіп, 6,9 млрд еуроны құрады, Қазақстанға импорттың өсімі осы кезеңде 2 есеге жуық, 95%-ға өсіп, 2,8 млрд еуроны құрады.

Сонымен қатар, 2022 жылы Германияның сауда серіктестері рейтингінде Қазақстан 53-ші орыннан (2021 ж.) 43-орынға көтерілді және Германияның Орталық Азия аймағындағы негізгі серіктесі болып саналады: 2022 жылы екіжақты сауданың жалпы көлемі Германияның аймақ елдерімен сыртқы сауда айналымының жалпы көлемінің 82,5%-ын құрады.

Германияға экспорттың негізін көмірсутектер, ферроқорытпалар,  инертті газдар, күміс, мыс және т.б. құрайды. Импорттық заттарға дәрі-дәрмектер, әртүрлі машиналар, ауыл шаруашылық техникасы, медицинада қолданылатын аспаптар мен құрылғылар, автокөліктер, жабдықтар және арнайы мақсаттағы механикалық құрылғылар және т.б. жатады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, Германиядан Қазақстан Республикасына 2005-2021 жылдарды қоса алғанда тікелей инвестицияның жалпы ағыны 5,4 млрд АҚШ долларын құрады (нақты көрсеткіш – 5,368 млрд).

2022 жылғы 1 қыркүйектегі ахуал бойынша Қазақстан Республикасында неміс капиталының қатысуымен 891 кәсіпорын тіркелген және оның ішінде 668-і белсенді жұмыс атқаруда.

Екі мемлекет арасында мәдени-гуманитарлық салада тиімді өзара іс-қимыл дамыған – Германиядағы Қазақстан жылы (2009 ж.) және Қазақстандағы Германия жылы (2010 ж.) өткізілді, Германияда өз таңбасымен тіркелген «Қазақ кітапханасы» жобасы іске асырылып, оның аясында қазақ авторлары мен классиктерінің 25-тен астам кітаптары неміс тіліне аударылып, басып шығарылған, Алматы қаласында Қазақ-Неміс университеті жұмыс істейді.