2020 жылғы 21 сәуірде ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары Р.Скляр мен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер Министрінің Орынбасары А.Айдаровтың 50-ден астам неміс компаниялары өкілдерімен онлайн-кездесуі өтті. Іс-шараны ҚР СІМ, ҚР-дың ГФР-дағы Елшілігі, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Герман экономикасы Шығыс комитетінің қолдауымен ұйымдастырды. Іс-шараға ГФР-дағы ҚР Елшісі Д.Кәріпов, ҚР-дағы ГФР Елшісі Т.Клиннер, ГЭШК Басқарушы директоры М.Хармс, Орталық Азиядағы неміс экономикасы өкілдіктерінің Басшысы Х.Восканян, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі, білім және ғылым министрліктерінің, ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектордың бірінші басшыларының орынбасарлары қатысты. Германия бизнес-қауымдастығының атынан Linde Group, Schaeffler AG, Siemens AG, Volkswagen AG, Deutsche Bahn AG, Deutsche Bank AG, Bayer AG, Commerzbank AG, Claas Group, Deutsche Lufthansa AG, SAP SE, Rhenus Logistics, Knauf Gips және т.б. беделді компаниялардың басшылары мен өкілдері қатысты.
Онлайн-кездесу ҚР мен ГФР арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жоспарланған жұмыстың қисынды жалғасы болды. Екі ел арасындағы ынтымақтастыққа ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы желтоқсанда және 2020 жылғы ақпанда ГФР-ға жасаған сапарлары қосымша серпін берді.
Кездесудің басты тақырыбы коронавирус пандемиясының жағымсыз экономикалық салдарын барынша азайтуға қатысты және жеңілдетілген салық тәртібі, қаржылай және қаржылай емес қолдау түріндегі ҚР-дағы шаралар туралы болды. Өз сөзінде Р.Скляр карантин кезінде енгізілген адамдар мен жүк қозғалысына, азық-түлік тауарларының кейбір түрлерінің экспорты, кәсіпорындар жұмысы және т.б. қатысты шектеу шаралары төтенше жағдай кезеңінде уақытша және адам өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында енгізілгенін атап айтты. Ол сондай-ақ ГФР-мен инвестициялық ынтымақтастық өзінің стратегиялық басымдығын сақтап қалғанын және неміс тарапымен жасалған барлық келісімдер өз күшінде екенін баса айтты.
Іс-шара барысында ҚР-дың инвестициялық мүмкіндіктері туралы А.Айдаров, сондай-ақ салалық министрліктер өкілдері баяндама жасады. Кездесу аясында ҚР аумағында экономиканың түрлі салаларындағы қазіргі және жоспарланған инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына ерекше мән берілді. Кездесу соңында ұйымдастырылған «сұрақ-жауап» форматындағы талқылау барысында қазақстандық тарап өкілдері неміс бизнесі тараптарының қызықтырған сұрақтарына жауап берді. Неміс компанияларының өкілдері өз сөздерінде ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау үшін осындай кездесулерді тұрақты өткізіп тұру қажеттігін айтты.
Анықтама ретінде: ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары Р.Скляр неміс инвесторларымен ынтымақтастық жөніндегі инвестициялар үшін жауапты министрліктер мен аймақтардың өкілдерінен құралған Үкіметтік жұмыс тобының басшысы болып табылады. Бұл кеңесші органы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2019 жылғы желтоқсанда Германияға жасаған ресми сапарының нәтижесінде екі ел арасындағы инвестициялық қатынастарды нығайту мақсатында құрылған. Неміс инвесторларымен қарым-қатынас, неміс капиталының қатысуымен жобалар құру, сондай-ақ кең ауқымды мемлекеттік қолдау көрсете отырып, олардың жақын уақытта жүзеге асырылуына ықпал ету мәселелері Үкіметтік жұмыс тобының тұрақты бақылауында.