АСТАНА, 2023 жылғы 16 мамыр – Бүгін Берлин Еуразиялық клубының 37-ші отырысына қатысушылар Қазақстан мен Германия арасындағы техникалық жоғары және кәсіптік білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғимаратында өткен іс-шараға екі елден мемлекеттік органдардың, жоғары және орта кәсіптік оқу орындарының, бизнес-қауымдастықтардың, сарапшылық қауымдастық және неміс компанияларының, cолардың ішінде «Deutsche Bank», «Siemens Energy», «Knauf», «MAN» және «Rhenus» компаниялардың100-ден астам делегаты қатысты.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко өз алғы сөзінде республиканы одан әрі индустрияландыру және өнеркәсіптік әлеуетін арттыру үшін кәсіби техникалық кадрлар базасын ұлғайту түбегейлі маңызды болып табылатынын атап өтті.
«Қазақстан білім беру мен адами капиталды дамытуға елеулі бағдар жасайды, ол неміс ноу-хаумен және озық технологияларымен бірге Қазақстан-Германия кооперациясын сапалы жаңа деңгейге шығаруға ықпал ететін негізгі факторлардың біріне айналуы тиіс», – деді дипломат.
Герман экономикасының Шығыс комитеті Президиумының мүшесі Манфред Грундке өз баяндамасында екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық серпінінің белсенді өсуін және неміс кәсіпкерлерінің келешегі зор қазақстандық нарыққа қатысуын кеңейтуге зор қызығушылық танытып жатқанын атап өтті.
Айта кететін жайт, жаһандық жеткізу тізбегіндегі түбегейлі өзгерістерге қарамастан, Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы жылдан жылға әсерлі қарқын алуда. Неміс деректеріне сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан алғаш рет ГФР-дың 50 жетекші сауда әріптестерінің тізіміне еніп, 9,7 млрд еуро тауар айналымымен 43-ші орынға ие болды. Өз кезегінде, ГФР Қазақстан экономикасына ірі инвесторлар арасында 10-шы орынды иеленді.
Негізгі баяндаманы жасаған Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Қазақстандағы жоғары техникалық білімді дамыту жоспарларына тоқталды. Атап айтқанда, оның айтуынша, республикада жетекші шетелдік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу және отандық зерттеушілердің шетелде тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру бойынша «500 ғалым» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Неміс тарапынан тең баяндамашы, Германия Сыртқы істер министрлігінің ғылым, білім және зерттеулер саласындағы сыртқы саясат жөніндегі уәкілі Вито Чечере екіжақты білім беру және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен оларды одан әрі кеңейту перспективалары туралы хабарлады. Неміс дипломатының айтуынша, ГФР СІМ Гёте институтының, Германияның академиялық студенттер алмасу қызметінің (DAAD), «Мектептер: болашақ серіктестері» (PASCH-schools) бастамасының, Қазақ-Герман университетінің, Шетелдегі этникалық немістерді қолдау қорының (SVmDA) қызметін қолдайды.
БЕК отырысын Қазақстанның Германиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов және Герман экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс жүргізді.
Подиумдық пікірталаста Қазақ-Неміс университетінің президенті Вольрад Роммель қатысушыларды Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті негізінде Қазақстан-Герман инжиниринг институтын және Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті негізінде Тау-кен өнеркәсібіндегі қазақстан-герман ғылым және технология институтын ашу жобаларының барысы туралы хабардар етті.
Пікірталасқа сонымен қатар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталов, Фрайберг техникалық университетінің Тау-кен академиясының ректоры, Саксония федералдық жерінің ректорлары конференциясының төрағасы Клаус-Дитер Барбкнехт, Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев және Германияның Сауда-өнеркәсіп палаталары қауымдастығының (DIHK) Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық бөлімінің басшысы Андре Фритше қатысты.
Берлин Еуразиялық клубы 2012 жылы құрылды және саясат пен экономиканың түрлі салаларындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылау үшін мемлекеттік органдар, бизнес өкілдерінің, ГФР және Еуропаның басқа да елдерінің сарапшылары мен практиктерінің қатысуы үшін ашық диалог платформасы ретінде әрекет етеді.