Берлин мен Магдебург қалаларында Наурыз мерекесіне арналған «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблінің мерекелік концерті өтті

Берлин мен Магдебург қалаларында Наурыз мерекесіне арналған «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблінің мерекелік концерті өтті

БЕРЛИН, 2023 ж. 21-22 наурыз – «Наурыз» көктем мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясымен бірлесіп «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблінің концертін ұйымдастырды.

Концерттік бағдарламада Абай, Құрманғазы, Дәулеткерей, Кенен Әзірбаев, Моцарт, Шуберт, Пьяцолла сияқты қазақтың ұлы композиторлары мен әлем классиктерінің шығармалары, халық күйлері мен әндері орындалды.

Заманауи қазақстандық композиторлар мен музыканттардың домбыра, қобыз, сазсырнай, шертер, жетіген және т.б ұлттық аспаптарда шебер орындалған туындылары Берлин мен Магдебургтегі неміс тыңдаушыларының ерекше қызығушылығына ие болды.

Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов қонақтарға табиғаттың жаңару мен жандануының, сондай-ақ егемен республикамыздың ортақ шаңырағы астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан 100-ден астам ұлт өкілдерінің бірлігі мен татулығының символы болып табылатын Наурыз мерекесін тойлаудағы Қазақстан халқының салт-дәстүрлері туралы айтып берді.

Концерт думанды ду қол шапалақтаумен, дарынды музыканттарға қошемет көрсетумен аяқталып, концерттен кейін қонақтар ұлттық тағамдардан, оның ішінде дәстүрлі Наурыз-көжеден дәм татты.