Қазақстан СІМ басшысының Германияға сапары туралы

Қазақстан СІМ басшысының Германияға сапары туралы

Берлин, 2022 жылғы 12 желтоқсан - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Германия Федеративтік Республикасына жұмыс сапарымен келді. Сапардың бірінші күні Министр ГФР Федералды канцлері Олаф Шольцпен, Вице-канцлер - Федералды экономика және климатты қорғау министрі Роберт Хабекпен бірге Германия экономикасы шығыс комитетінің (ГЭШК) құрылғанына 70 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға құрметті қонақ ретінде  қатысты.

Іс-шараға сонымен қатар ГФР мемлекеттік органдарының басшылары, жетекші неміс компаниялары мен бизнес қауымдастықтарының топ-менеджерлері қатысты.

ГЭШК Шығыс Еуропа және Орталық Азияның 29 мемлекетінде неміс капиталы бар инвестициялық жобаларды ілгерілететін ірі және көне бизнес-қауымдастықтардың бірі. Комитет іс жүзінде барлық бизнес салаларының мүдделерін білдіретін Германияның ірі негізгі іскерлік бірлестіктерін біріктіреді.

Іс-шара аясында министр М.Тілеубердінің ГЭШК Басқарма төрағасының орынбасары Ханс-Ульрих Энгель және атқарушы директор Михаэль Хармспен келіссөздері өтті.

ГЭШК басшылығына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау жолдауы табыс етіліп, онда Шығыс комитетінің Қазақстан мен Германия арасындағы екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға қосқан баға жетпес үлесі аталып өтті.