Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығын мерекелеу аясында Берлин және Ганновер қалаларында Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық-аспаптар оркестрінің концерті өтті

Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығын мерекелеу аясында Берлин және Ганновер қалаларында Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық-аспаптар оркестрінің концерті өтті

БЕРЛИН, ГАННОВЕР, 2022 жылғы 30 қараша – 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуын мерекелеуге арналған іс-шараларды жалғастыру мақсатында Қазақстанның Германиядағы Елшілігі Германияның Федералдық сыртқы істер министрлігімен және «Minz GmbH» агенттігімен бірлесіп Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық-аспаптар оркестрінің концертін ұйымдастырды.

Тарихи Жандарменмаркт алаңындағы әйгілі «Konzerthaus Berlin» сахнасында қазақтың және әлем классиктерінің ұлы тұлғалары – Дина Нұрпейісованың, Құрманғазының, Жаяу Мұсаның, Ахмет Жұбановтың, Нұрғиса Тілендиевтің, ұлы Абайдың, Евгений Брусиловскийдің, Иоганн Штраустың шығармалары орындалды.

Оркестрдің солистері – Абдұлла Мұқанғалиев (баритон) пен Аманжан Басигариевтің (тенор) Абайдың Вольфганг фон Гётенің «Wandrer’s Nachtlied» атты атақты шығармасының аудармасы – «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі және «Өз елім» патриоттық шығармасының орындаулары көрермендердің көңілінен шықты.

Кештің кульминациясы домбырашылардың өнері болды. Олардың виртуоздық «Күй тартуы» көрермендерді ерекше тәнті етті.

Өзінің алғы сөзінде Қазақстанның Елшісі Нұрлан Онжанов дипломатиялық қарым-қатынастарының 30 жылдығында Қазақстан мен Германия арасында сенімді саяси диалог, өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық, сондай-ақ белсенді мәдени байланыстар қалыптасты деп мақтанышпен айта алады деп пайымдады. Дипломатиялық миссия басшысының айтуынша, Қазақстанның мәдениеті Германия мен Еуропада кеңінен таратылған – суретшілер, музыканттар мен режиссерлер көп жылдар бойы неміс және еуропалық фестивальдерді, байқаулар мен сахналарды бағындырып, көпұлтты республиканың бай мәдени мұрасын ілгерілетіп келеді.

Федералдық үкіметі атынан сөз сөйлеген Германия Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі уәкілі Маттиас Люттенберг Қазақстан Германия үшін Орталық Азиядағы тұрақтылықтың кепілі және сенімді серіктес екенін атап өтті. Оның айтуынша, дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдан астам уақытында елдер ортақ құндылықтарға негізделген сенімді және өзара тиімді байланыстарды орнатты. Ал Федералдық сыртқы істер министрі Анналена Бербоктың жақында Астанаға сапары осының дәлелі болып табылады. «Екіжақты қарым-қатынастарды сақтау және жандандыру мәселесінде, әрине, екі елдің азаматтық қоғамдары арасындағы мәдени, ғылыми ынтымақтастық пен өзара әрекеттестік маңызды рөл атқарады. Бұл сала тікелей азаматтарға, екі елдің арасындағы байланысқа бағытталған. Бұл мәнмәтінде Қазақстанда тұратын 200 мыңнан астам этникалық немістердің және Германиядағы 1 миллионға жуық Қазақстаннан қоңыс аударған немістерінің екі ел мен мәдениет арасындағы «тірі көпірі» ретіндегі рөлі айтарлықтай», - деп атап өтті неміс дипломаты.

1 желтоқсанда Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық-аспаптар оркестрі Ганноверде Төменгі Саксонияның жергілікті билік, іскерлік топтар өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін концерт берді.

Екі елдің маңызды тарихи оқиғасына арналған екі күндік концерт дүбірлі қошеметпен аяқталып, Берлин мен Ганновер тұрғындары мен қонақтарын қуантты.