НҰР-СҰЛТАН, 2022 жылғы 6 қыркүйек – бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Қазақстан-Герман бизнес-форумы өтті. Қазақстанның Германиядағы Елшілігі «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, Герман экономикасының Шығыс комитеті мен Германия экономикасының Алматыда орналасқан Орталық Азия бойынша өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шара өнеркәсіп және энергетика саласындағы екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналды.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Герман үкіметаралық жұмыс тобының отырысына қатысу үшін Германияның Экономика және климатты қорғау федералдық министрлігі делегациясының Қазақстанға сапары аясында өткен іс-шараға Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті мемлекеттік органдарының, ұлттық және квазимемлекеттік компанияларының басшылары, отандық өнеркәсіп және өңірлік бизнес қауымдастықтарының өкілдері, сондай-ақ Siemens, Deutsche Bahn, SAP, Becker Mining Systems AG, Svevind және т.б. жетекші неміс компанияларының 50-ге жуық басшылары қатысты.
Іс-шараны ашу барысында Роман Скляр Мемлекет басшысы жариялаған «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жоспарланған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, Қазақстан Үкіметінің жаңа экономикалық бағытты жүзеге асырудағы мақсаттары мен басымдықтары туралы хабардар етті. Оның айтуынша, Үкімет мемлекеттің инвестициялық тартымдылық деңгейін арттыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде, ESG талаптарының артуы, сондай-ақ энергетикалық және технологиялық ауысу жағдайында елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған Қазақстанның жаңа инвестициялық саясат тұжырымдамасының жобасын әзірлеуде.
«Германия Қазақстанның ЕО-дағы ең маңызды серіктесі болып табылады, бұл мемлекетпен сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, инвестицияларды ынталандыруға және өзара қорғауға бағытталған бірқатар үкіметаралық келісімдер бар. Елдеріміз арасындағы ынтымақтастық коронавирустық пандемияға қарамастан табысты дамып келеді. Мұны Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы желтоқсандағы және 2020 жылғы ақпандағы Германияға екі сапарынан кейін жаңа серпін алған қарым-қатынастардың деңгейі көрсетуде», - деді Роман Скляр.
Анықтама үшін: 2021 жылы Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 2,2 млрд АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (2,1 млрд АҚШ доллары) 6,4%-ға жоғары. 2005 жылдан бері Германияның Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициясы шамамен 5,3 млрд АҚШ долларын құрады, оның басым бөлігі өңдеуші өнеркәсіпке бағытталған.
Роман Скляр неміс компанияларын инвестициялық байланыстарды кеңейтуге және нығайтуға, сондай-ақ жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Форум барысында өткен пікірталасқа қазақстандық тарапынан АХҚО Басшысы Қайрат Келімбетов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев, ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов қатысты.
Герман тарапынан Федералдық экономика және климатты қорғау министрлігінің Сыртқы экономикалық саясат жөніндегі директоры, Қазақстан-Герман сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының тең төрағасы Доминик Шнихельс, Сыртқы сауда басшысы, Германияның Сауда-өнеркәсіп палаталары қауымдастығының Басқарма мүшесі Фолькер Трейер, Басқарма мүшесі, Герман экономикасы Шығыс комитетінің Орталық Азия елдері тобының өкілі профессор Манфред Грундке, «SVEVIND Energy» Бас директоры Вольфганг Кропп, Германия энергетикалық агенттігінің (DENA) Халықаралық сутегі экономикасын дамыту департаментінің басшысы Килиан Кроне баяндамалар жасады.
Ашық диалог форматында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы, неміс компанияларының тиімді экономикалық қызметі үшін жағдай жасау, олардың аймақтағы өкілдігін кеңейту және жоғары технологиялық салалардағы қазақстан-герман ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген неміс спикерлері Қазақстанның Германияға дәстүрлі энергетикалық ресурстарды жеткізуді арттыру, «жасыл» энергияны өндіру және кейіннен экспорттаудағы әлеуетін жоғары бағалады. Сонымен қатар, Қазақстанның Орталық Азиядағы сауда-инвестициялық серіктес және Азиядан Еуропаға жүк тасымалдаудағы транзиттік ел ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Қазақстанда жұмыс істеп жатқан неміс компанияларының өкілдері қазақстандық нарықтағы табысты тәжірибелерімен бөлісті.
Форум аясында қазақстандық тарап өкілдерінің бірқатар неміс компанияларының басшылығымен екіжақты кездесулері өтті. Кездесулер барысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру және жоғары технологиялық өнім шығаратын өндіріс орындарын құру бойынша нақты ұсыныстар талқыланды.