Берлинде Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесі экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады

Берлинде Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесі экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады

БЕРЛИН, 2022 жылғы 31 тамыз - бүгін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Райымбек Баталовтың және «Deutsche Bahn» компаниясының Халықаралық жобалар жөніндегі директоры Нико Варбаноффтың жетекшілігімен Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесінің 13-ші отырысы өтті.

Заманауи сын-қатерлер, атап айтқанда, климаттың өзгеруі, логистика және азық-түлік қауіпсіздігі аясында екіжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналған іс-шараға екі елдің экономикалық бірлестіктерінің, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен компанияларының 100-ге жуық басшылары мен жетекшілері қатысты.

Өзінің алғы сөзінде Кеңестің тең төрағасы Р.Баталов қатысушыларды екі ел кәсіпкерлері арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы хабардар етіп, барлық жоспарланған жобалардың, әсіресе Қазақстан Республикасының Президенті экономиканы әртараптандыру және кәсіпкерлік саласындағы қазақстандық заңнаманы жетілдіру мақсатында белгілеген міндеттер аясында сәтті жүзеге асырылатынына сенім білдірді.

ҰКП басшысы Қазақстан неміс бизнесімен «бір терезе» қағидаты бойынша өндіріс орындарын ашу және барлық қажетті рұқсаттар мен сертификаттарды алу бойынша қызмет көрсету арқылы жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті. «Сонымен қатар біз неміс тауарларын, ең алдымен жабдықтарды, станоктарды және фармацевтикалық өнімдерді тікелей Қазақстан нарығына, одан әрі Орталық Азия нарығына жеткізуді ұйымдастыруды ұсынамыз», - деді Р.Баталов сөзінің соңында.

Іскерлік кеңестің неміс тарапынан тең төрағасы Н.Варбанофф өз баяндамасында Кеңестің Қазақстан экономикасына неміс инвестицияларын тартудың тиімді тетігі ретіндегі маңыздылығын атап өтіп, неміс және қазақстандық компанияларды бірлескен өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруда тығыз серіктестікке шақырды.

«Баламалы көлік дәліздерін кеңейту Еуропалық Одақтың «Global Gateway» бағдарламасын іс жүзінде жүзеге асырудың маңызды бастамасы болуы мүмкін. Жағалаудағы мемлекеттер де, компаниялар да осыдан бірлесіп пайда көре алады», - деді Н.Варбанофф.

Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов өз сөзінде екі ел арасында «ерекше қарым-қатынастардың», сондай-ақ шикізат, машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, логистика/инфрақұрылым, экология, қазақстандық нарықта неміс компанияларының қатысуын кеңейту сияқты салалардағы ынтымақтастықты тереңдету үшін айтарлықтай әлеует бар екенін атап өтті.

Дипломаттың айтуынша, Германияның Орталық Азия мемлекеттерімен сауда айналымының шамамен 85% Қазақстанның үлесіне тиеді. Өткен жылы екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 32,3% артып, 5,1 миллиард еуроны құраса, 2022 жылдың алты айында ғана қосымша 80% күрт өсті.

Елші Онжанов Германия үкіметі мен іскерлік делегациясы алдағы уақытта Қазақстанға барып, 6 қыркүйекте өтетін Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия үкіметаралық жұмыс тобының кезекті отырысына қатысатыны туралы хабардар етіп, неміс компаниялары мен іскер топтарын Қазақстан-Германия бизнес-форумына қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына шақырды.

Кездесуді жүргізген Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарушы директоры Михаэль Хармс Шығыс комитеті қадағалайтын 29 елдің ішінде ең қарқынды алмасу Қазақстан Республикасымен екенін атап өтті. 

Өз кезегінде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Қ.Шарлапаев холдинг пен оның еншілес ұйымдарының қызметі туралы айтып, Іскерлік кеңес аясында жүргізіліп жатқан талқылаулардың өзектілігі мен қажеттілігіне тоқталды.

Подиумдық пікірталас барысында тараптар Қазақстанда экономиканың шикізаттық емес секторларын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан саясатты, Еуразиядағы геосаяси үдерістер аясында Германияның Қазақстанмен экономикалық байланыстарды дамыту жөніндегі тұжырымдамалық стратегиясын, сондай-ақ ЕО мен Орталық Азия елдері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндігін талқылады.

Іс-шара аясында ҚР ҰКП «Атамекен» мен Германияның жетекші бизнес-қауымдастықтары болып табылатын DIHK және BVMW арасында экономикалық ақпарат алмасу, білім мен ноу-хау алмасуға жәрдемдесу білікті кадрларды дайындау және біліктілігін арттырудағы ынтымақтастық және т.б. өзара іс-қимыл бағыттарын қарастыратын меморандумдарға қол қойылды.

Анықтама үшін: Неміс сауда-өнеркәсіп палаталарының қауымдастығы (DIHK) 1861 жылы құрылған. 1999 жылдың қыркүйегіне дейін ұйымның штаб-пәтері Бонн қаласында, 1999 жылдың 1 қазанынан бастап Берлинде орналасқан. Оның құрамына 3 миллионнан астам компанияның мүддесін білдіретін 79 сауда-өнеркәсіп палатасы кіреді. Оның 94 мемлекетте (соның ішінде Қазақстанда) сыртқы сауда палатасы ретінде жұмыс істейтін 140-қа жуық өкілдігі бар. Қауымдастықтың жалпы қызметкерлер саны 11 мың адамды құрайды.

Германияның шағын және орта бизнес қауымдастығы (BVMW) 1975 жылы құрылды. Ол жалпы капиталы шамамен 900 миллиард еуроны құрайтын 800 мыңнан астам компанияны біріктіреді, 15 миллионнан астам қызметкер жұмыс істейді. BVMW-де 1000-нан астам білікті кеңесшілер мен сарапшылар бар. Оның Германияда 400 және шетелде 43 өкілдігі бар. Жыл сайын қауымдастық дүние жүзінде 2 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырады.

Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесі Қазақстан мен Германияның ұйымдарының және бірлестіктерінің арасындағы іскерлік қарым-қатынастарды дамыту жөніндегі үйлестіруші және кеңес беруші орган болып табылады. Кеңестің міндеттеріне сауда және инвестиция саласындағы қазақстандық және неміс компаниялары арасындағы серіктестікті кеңейту және тереңдету, екі елдің кәсіпорындары мен іскерлік бірлестіктері арасында тікелей іскерлік байланыстарды және ақпарат алмасуды ынталандыру кіреді.