Қазақстан мен Германия депутаттары парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға ниетті

Қазақстан мен Германия депутаттары парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға ниетті

НУР-СҰЛТАН/БЕРЛИН, 2022 жылғы 27 маусым – Бүгін Қазақстанның Германиядағы Елшілігінің ұйымдастырушылық қолғабысымен ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан-Германия» және ГФР Бундестагында «Германия-Орталық Азия» достық топтарының басшылары мен мүшелерінің қатысуымен бейнеконференция өтті. Екі елдің депутаттары екіжақты саяси және экономикалық өзара іс-қимылды нығайту, демократиялық үдерістерді ілгерілету, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылық мүддесінде парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша пікірлерімен және заңнамалық тәжірибесімен алмасты. Ерекше назар 5 маусымдағы республикалық референдумнан және «Жаңа Қазақстан» – мықты Парламенті бар президенттік республика – тұжырымдамасынан шығатын ҚР-дағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың күн тәртібіне аударылды.

Аталған іс-шараға қазақстандық тараптан Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы, Германиямен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топтың жетекшісі Альберт Рау, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрайымы Айгүл Құспан, сондай-ақ Мәжілістің парламенттік тобының басқа мүшелері қатысты.

Неміс тарапынан ГФР Бундестагының депутаты, «Германия – Орталық Азия» парламенттік достық тобының Төрағасы Ойген Шмидт және оның Германия саяси фракцияларындағы әріптестері болды.

Пікірталасты аша отырып, А.Рау неміс депутаттарын Орталық Азия республикаларымен парламенттік ынтымақтастықты қолдауға жауапты ГФР Бундестагында бейінді топтың жақында құрылуымен құттықтап, екіжақты және өңіраралық қатынастардың барлық өзекті мәселелері бойынша, оның ішінде Қазақстан мен Германияға депутаттық өзара сапарларды ұйымдастыру арқылы тікелей диалогты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, екі ел арасындағы саяси байланыстар мен экономикалық белсенділіктің елеулі динамикасына баға берілді. ГФР статистика жөніндегі Федералдық ведомствосының мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан мен Германия арасындағы екіжақты тауар айналымы 2021 ж. 5,1 млрд. еуро құрады, бұл 2020 ж. көрсеткіштен 32,3%-ға жоғары. Осы тұрғыда тараптар Қазақстан-Германия қарым-қатынастарының стратегиялық сипатын растады және АӨК (аграрлық-өнеркәсіптік кешен), «жасыл» экономика, көлік логистикасы, энергетика және басқа да басым салалардағы бірлескен жобаларға қолдау білдірді.

Өз кезегінде О.Шмидт өзі басқаратын парламенттік тобының қазақстандық әріптестерімен және салалық комитеттерімен пікір алмасуға мүдделігін растады.

2022 жылғы сәуірде ГФР Бундестагында 47 екіжақты және көпжақты парламенттік топ, оның ішінде «Германия - Орталық Азия» тобы құрылды. Қызметі партиядан тыс мүдделерді басшылыққа алатын бұл топтардың мақсаты Берлиннің серіктес елдерінің ұлттық парламенттерімен үздіксіз диалог жүргізуі болып табылады.

2008 жылдан бастап ҚР Парламентінің Мәжілісінде Қазақстан-Германия парламентаралық өзара іс-қимылына бағытталған осыған ұқсас топ жұмыс істеп келеді.