
БЕРЛИН, 2022 жылғы 1 маусым – бүгін Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елшілерінің қатысуымен Германия Сыртқы істер министрлігінде Германия мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнатуының 30-жылдығына арналған «Horizonte» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Көрмені ашқан Германия Сыртқы істер министрлігінің Мәдени саясат жөніндегі уәкілі Ирмгард Мария Фелльнер халықтар арасындағы өзара түсіністік пен келісімнің негізі болып табылатын мәдениетаралық байланыстар мен мәдени дипломатияны дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде ГФР Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі уәкілі Маттиас Люттенберг Германияның сыртқы саяси ведомтвосының сыртқы саясат пен экономикалық дипломатиямен бірге құзырына кіретін маңызды бағыттарының бірі - мәдени дипломатияны және азаматтық қоғамдар арасындағы диалогты дамыту болып табылатынын атап өтті. Ол сонымен қатар әлемде болып жатқан оқиғалар аясында Орталық Азия аумағы маңызды геосаяси рөл атқарып отырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, «Horizonte» деп аталатын көрме өскелең ұрпаққа арналған және аймақ, оның жекелеген елдері және олардың әлеуеті туралы білім көкжиегін кеңейтуге арналған.
Фотокөрме білім, мәдениет, климат, энергетика, БАҚ бостандығы тақырыптарында ақпараттық деректермен сүйемелденіп, өскелең ұрпақты осы тақырыптар бойынша өздерінің шығармашылық идеялары мен жобаларын ұсынуға шақырады.
Қазақстан Республикасы бұл көрмеде Қазақстан-Германия қарым-қатынастарының даму тарихы мен қазіргі жай-күйі, Алматыдағы Қазақ-Герман университеті мен Республикалық неміс драма театрының қызметі, сондай-ақ Қазақстанда тұратын этникалық немістер, олардың сақтаған және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлері мен мәдениеті туралы стендтермен ұсынылған.
«Horizonte» көрмесі ГФР Сыртқы істер министрлігі ғимаратының «Lichthof» галереясында келушілер үшін 2022 жылғы 1 маусым мен 5 тамыз аралығында күн сайын сағат 7.00-ден 17.00-ге дейін ашық.