
НҰР-СҰЛТАН, 2022 жылғы12 мамыр – бүгін «Риксос» қонақ үйінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Қазақстан-Герман бизнес-форумы өтті. ГФР-дағы ҚР Елшілігі ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі Комитетімен, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, Герман экономикасының шығыс комитетінің және Алматы қаласындағы Орталық Азиядағы Германия экономикасы өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шара жоғары технологиялар, жасыл экономика және логистика саласындағы қазақстан-герман ынтымақтастығын дамытуға арналды. Тақырыпты таңдау көбінесе шикізаттық әлеуетке және елдің қолайлы географиялық жағдайына, сондай-ақ герман компанияларының Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылығының артуына байланысты болды.
Іс-шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, ұлттық және квазимемлекеттік компаниялардың басшылары, салалық және өңірлік бизнес-қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ Siemens, Rhenus Logistics, Deutsche Bahn, Deutsche Bank, SAP, Herrenknecht, EMAG, EOS, Knauf Gips, Linde, Svevind, AUGENTIC сияқты жетекші герман компанияларының басшылары қатысты және т.б. Германиядан Қазақстанға келген бизнес-делегация құрамында барлығы 65 адам бар.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Роман Скляр Мемлекет басшысы жариялаған «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы шеңберіндегі жоспарланып отырған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, Қазақстан Үкіметінің жаңа экономикалық бағытты іске асыру саласындағы мақсаттары мен басымдықтары туралы хабардар етті. Үкімет елдің инвестициялық тартымдылығының деңгейін арттыру бойынша үздіксіз жұмыс жүргізуде. ESG, жаһандық энергетикалық және технологиялық көшу талаптарын күшейту жағдайларында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағдарлана отырып, Қазақстанның инвестициялық саясатының жаңа тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Жаңашылдықтар экономиканың басым секторларында инвесторлар үшін салықтық режимдерді, субсидияларды және басқа да ынталандыруларды оңтайландыру және оңайлату жөніндегі шараларды қамтиды.
ГФР Қазақстанның ЕО-дағы маңызды әріптесі болып табылады, сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, инвестицияларды көтермелеу мен өзара қорғауға бағытталған бірқатар үкіметаралық келісімдер жұмыс істейді. Біздің елдеріміздің ынтымақтастығы коронавирустық пандемияға қарамастан табысты дамып келеді. Бұл ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы желтоқсандағы және 2020 жылғы ақпандағы Германияға екі сапарынан кейін жаңа серпін алған өзара қарым-қатынастардың серпінін көрсетеді.
Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 2021 жылы 2,2 миллиард АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға жоғары (2,1 миллиард АҚШ доллары). 2005 жылдан бастап Германияның Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестицияларының көлемі шамамен 5,3 миллиард АҚШ долларын құрады, олардың басым бөлігі өңдеуші өнеркәсіпке бағытталған.
Сөз соңында Роман Скляр германиялық компанияларды инвестициялық байланыстардың ауқымы мен тереңдігін кеңейтуге, сондай-ақ жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Форум барысында қазақстандық тараптан ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Стратегия, инвестициялар және бизнесті дамыту жөніндегі Басқарма төрағасының орынбасары Дастан Абдулгафаров сөз сөйледі.
Герман тарапынан спикерлер ретінде Герман экономикасы Шығыс комитетінің басқарма мүшесі, Орталық Азия бойынша елдік топтың спикері профессор Манфред Грундке, Герман экономикасы Шығыс комитетінің басқарушы директоры Михаэль Хармс, «Linde» компаниясының бизнесті дамыту және сату жөніндегі Атқарушы директоры Флориан Пеннер, «EOS» компаниясының аға вице-президенті Маркус Глассер, «SAP» компаниясының вице-президенті Наталья Панина сөз сөйледі.
Іс-шара барысында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы, герман компанияларының тиімді экономикалық қызметі үшін жағдай жасау, олардың өңірдегі өкілдігін кеңейту және жоғары технологиялық салалардағы қазақстан-герман ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды.
Іс-шарада сөз сөйлеген Герман спикерлері Қазақстанның ГФР-ға дәстүрлі энергия ресурстарын жеткізуді ұлғайту, «жасыл» энергияны өндіру және одан әрі экспорттау әлеуетін жоғары бағалады. Сонымен қатар, олар Қазақстанның Орталық Азиядағы сауда және инвестициялық серіктес және жүктерді Азиядан Еуропаға тасымалдау кезіндегі транзиттік ел ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Қазақстанда ұсынылған герман компанияларының өкілдері Қазақстан экономикасына инвестиция салудың табысты тәжірибесімен бөлісті.
Форум қорытындысы бойынша жалпы сомасы 200 миллион АҚШ долларынан асатын 11 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Келісімдерді іске асыру шеңберінде инвесторлар металл өңдеу станоктарын құрастыру, гипс тастарын өңдеу және топырақ қоспаларын өндіру бойынша зауыттар, интермодальдық терминал, Қазақстан өңірлеріндегі медициналық клиникалар салуға, цифрлық құзыреттер зертханаларын құруға, цифрлық қосалқы станцияларды әзірлеуде және теміржол тасымалы саласында ынтымақтастықты дамытуға ниетті.
Іс-шара аясында қазақстандық тарап өкілдерінің бірқатар герман компанияларының басшылығымен екіжақты кездесулері өткізілді. Кездесулер аясында бірлескен жобаларды жүзеге асыру және жоғары технологиялық өнімдер шығару бойынша өндірістерді құру жөніндегі нақты ұсыныстар талқыланды.
Форум соңында «сұрақ-жауап» форматында пікірталас өтті, оның барысында іс-шараға қатысушылар екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.