
НҰР-СҰЛТАН, 2022 ж. 12 мамыр – бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Берлин Еуразиялық клубының (БЕК) кезекті 34-отырысы барысында «Жаңа Қазақстанды» құру, «жасыл» экономиканы дамыту, логистика және көлік, инвестициялар және бірлескен жобаларды іске асыру саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері қаралды. Іс-шараның бас спикері ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко болды.
Әлемде болып жатқан ағымдағы жағдай аясында клуб отырысы барысында инвестицияларды тарту, өңірдегі герман компанияларының өкілдігін кеңейту, экономикалық дамуға дағдарыстың жағымсыз салдарын азайту, сондай-ақ экономикалық әріптестікті тереңдету контексінде жаңа тәсілдерді әзірлеу бойынша шараларға ерекше назар аударылды. Іс-шара ҚР ГФР-дағы Елшілігі, ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитеті «Қазақ Инвест «ҰК» АҚ және Герман экономикасының Шығыс комитетімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында герман тарапынан сондай-ақ ГФР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверзен, Герман экономикасы Шығыс комитетінің Бас басқарушы директоры Михаэль Хармс, «Deutsche Bank» Солтүстік және Шығыс Еуропа бойынша Бас директоры Йорг Бонгарц, «Rhenus Logistics» компаниясының Басқарма мүшесі Михаэль Виферс, Агробизнес Германия Альянсының Орталық Азия бойынша спикері Дирк Штратман және «EMAG» компаниясының Басқарма мүшесі Матиас Кляйн сөз сөйледі. Қазақстандық тараптан Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі Агенттік Төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов пен «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов деңгейінде қатысты.
Іс-шараға Қазақстан мен Германияның 70-ке жуық үкіметтік және іскерлік топтардың өкілдері, соның ішінде ГФР-дағы ҚР Елшісі Дәурен Кәріпов, салалық және өңірлік бизнес-қауымдастықтардың өкілдері, Siemens, Rhenus Logistics, Deutsche Bahn, Deutsche Bank, SAP, Herrenknecht, EMAG, EOS, Knauf, Gips, Linde, Svevind, AUGENTIC және т. б. сияқты жетекші неміс компанияларының басшылары қатысты. Германиядан Қазақстанға келген бизнес-делегация құрамында барлығы 65 адам бар.
Өз сөзінде Роман Василенко «Жаңа Қазақстан: жаңарту және жаңғырту жолы» Жолдауында баяндалған саяси реформалардың негізгі бағыттары, сондай-ақ ел басшылығының экологияны жақсарту және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту, инвестициялық ахуалды арттыру, Қазақстан экономикасын әртараптандыру және жаңғырту жөніндегі стратегиялық бастамалары туралы хабардар етті. Өз кезегінде Олжас Төлеуов құқық үстемдігін қамтамасыз етуге, адал бәсекелестікті, экономикалық еркіндікті, макроэкономикалық тұрақтылықты ынталандыруға, экономиканы әртараптандыруға, адами капиталды және өңірлерді дамытуға, сондай-ақ мемлекеттік басқаруды реформалауға бағытталған экономикалық саясаттың жаңа тәсілдері туралы айтып берді.
Герман спикерлері өз сөздерінде Қазақстан-Германия ынтымақтастығының, оның ішінде «жасыл» экономика желісі бойынша дамудың, ауыл шаруашылығы, логистика және көлік саласындағы әріптестікті дамытудың оң динамикасын атап өтті. Герман бизнесмендерінің пікірінше, Қазақстанның әртараптандырылған энергия көздері, логистика және елеулі табиғи ресурстар сияқты тартымдылық факторлары бар. Бұдан басқа, Қазақстанда өндірілетін шикізат Герман экономикасын цифрландыру және декарбонизациялау және Еуропа елдерінің аса маңызды пайдалы қазбалардың импортында монополист елдерге тәуелділігін төмендету процесінде пайдаланылуы мүмкін.
Панельдік пікірталас барысында экономиканың жоғары технологиялық салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру, тәжірибе алмасу, технологиялар трансфері және мамандар даярлау мәселелері талқыланды. Отырысқа қатысушылар ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау үшін болашақта осындай диалогтық іс-шараларды өткізу қажеттілігін атап өтті.
Берлин Еуразиялық клубы 2012 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және ГФР-дың бұрынғы Вице-канцлері, Сыртқы істер министрі Ханс-Дитрих Геншердің бастамасымен құрылды. БЕК экономиканың түрлі салаларындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылау үшін мемлекеттік органдар, бизнес өкілдерінің, ГФР және Еуропаның басқа да елдерінің сарапшылары мен практиктерінің қатысуы үшін ашық бейресми диалог платформасы.
Справочно: Берлинский Евразийский клуб был учрежден в 2012 году по инициативе Президента РК Н.А.Назарбаева и бывшего вице-канцлера, Министра иностранных дел ФРГ Х.-Д.Геншер. БЕК выступает в качестве неформальной диалоговой платформы, открытой для участия представителей государственных органов, бизнеса, экспертов и практиков ФРГ и других стран Европы для обсуждения актуальных вопросов взаимодействия в различных сферах экономики.