
БЕРЛИН, 2022 жылғы 4 мамыр – ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов Герман Бундестагының депутаты, Халықаралық саясат, қорғаныс және экономика комитеттердің, сондай-ақ Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясындағы Германия делегациясының мүшесі Севим Дагделенмен («Солшылдар» партиясы) кездесу өткізді.
Әңгімелесу барысында тараптар екіжақты және парламентаралық қатынастардың бірқатар аспектілерін, оның ішінде Қазақстанның неміс кәсіпорындары үшін инвестициялық тартымдылығының үдемелі өсуін талқылады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында жария етілген саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды іске асыру барысына ерекше назар аударылды.
Саяси өзгерістер мен реформалар нәтижесінде республикада болып жатқан өзгерістерге оң баға бере отырып, С.Дагделен елімізге «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруда табыс тіледі.
Сұхбат соңында тараптар Қазақстанның Парламенті мен Германия Бундестагы арасындағы саяси диалогты арттыру мақсатында екіжақты парламентаралық байланыстарды одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.