
БЕРЛИН, 2022 жылғы 26 сәуір – Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов «Орталық Азия өңіріне қақпа: Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері» атты онлайн-кездесуге қатысты. Іс-шараны ҚР ГФР-дағы Елшілігі, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ және «Астана» халықаралық қаржы орталығы» АҚ (АХҚО) Герман экономикасының шығыс комитетінің қолдауымен ұйымдастырды. Іс-шараға Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі 40-тан аса германиялық компаниялардың өкілдері қатысты.
Кездесуді аша отырып, Дәурен Кәріпов Қазақстан экономикасының елеулі мүмкіндіктері мен экономикалық өсу әлеуеті туралы хабардар етті. Ол сондай-ақ Орталық Азия өңіріндегі қаржылық қатынастар мен технологиялардың бас орталығын қалыптастыруға бағытталған АХҚО жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара аясында қазақстандық тараптан «Business Connect АХҚО» Бас директорының Бірінші орынбасары Тимур Онжанов, АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің (AFSA) Халықаралық қатынастар және коммуникациялар жөніндегі директоры Алмас Жоламанов, АХҚО Жасыл қаржы орталығы (GFC) Бас директорының орынбасары Әсел Нұрахметова, Жария эмитенттер департаментінің заңгері Әйгерім Ақылова сөз сөйледі.
Өз сөздерінде АХҚО өкілдері ерекше мәртебеге және бірқатар артықшылықтарға ие орталық қызметінің бағыттары туралы хабардар етті. АХҚО жұмысы ағылшын құқығына негізделген өңірдегі жалғыз орталық болып табылады. Қазіргі уақытта АХҚО-да әлемнің 63 елінен 1300 компания тіркелген. АХҚО алаңы арқылы тартылған инвестициялардың жиынтық көлемі 6,2 млрд долларды құрайды.
Іс-шара барысында ГЭШК Басқарушы директоры Михаэль Хармс және АХҚО-да аккредиттелген бірқатар герман компанияларының баяндамалары болды. Михаэль Хармс өз сөзінде Қазақстан Германияның танымал серіктесі екендігін және өңірдегі табысты экономикалық реформаларды жүргізу бойынша еліміздің көшбасшылық маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде, германиялық компаниялардың өкілдері Қазақстанда инвестиция жасау мен жұмыс істеудің табысты тәжірибесімен бөлісті.
Кездесу соңында «сұрақ-жауап» форматында пікірталас өтті.