
БЕРЛИН, 2022 жылғы 1 сәуір – ҚР ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов Қазақстан-неміс бизнес клубының кеңейтілген отырысында онлайн-форматта алғы сөз сөйледі. Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан-неміс мәдени орталығында өткен іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаты Альберт Рау, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нариман Әбілшайықов, «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі» Қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Евгений Больгерт және бизнес-клуб мүшелері қатысты.
Дәурен Кәріпов өз сөзінде «Қазақстандық немістердің «Возрождение» бірлестігі» Қоғамдық қорының Қазақстан мен Германия арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамытудағы маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ, ол осы жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өту, өзара тауар айналымын арттыру, Қазақстандағы герман компанияларының өкілдігін кеңейту және Қазақстан экономикасына Герман инвестицияларын тарту шаралары туралы ақпаратпен бөлісті.
Іс-шара барысында «Атамекен» ҚР ҰКП атынан Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесі хатшылығының функцияларын «Возрождение» қорына беру туралы құжатқа қол қойылды.
Іскерлік кеңес ҚР мен ГФР ұйымдары мен бірлестіктері арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту бойынша үйлестіруші және консультациялық орган болып табылады. Кеңестің міндеттеріне қазақстандық және неміс компаниялары арасындағы сауда және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты нығайту және тереңдету, екі елдің компаниялары мен іскер топтар бірлестіктері арасындағы тікелей іскерлік байланыстарды және тікелей ақпарат алмасуды көтермелеу кіреді.