
БАД МАЛЕНТЕ, ФУТТЕРКАМП, 2022 жылғы 31 наурыз – Елші Дәурен Кәріпов Шлезвиг-Гольштейн Ауыл шаруашылығы палатасының президенті Уте Фольквардсенмен, сондай-ақ Бад-Маленте сүт өндіретін мал шаруашылығы бойынша оқу-сынақ орталығының басшысы Майке фон Берген және Футтеркамп мал шаруашылығы оқу орталығының басшысы Клаус Петер-Бойсенмен кездесулер өткізді.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы үшін мамандар даярлау саласындағы ынтымақтастықтың келешегі, екі елдің оқу орталықтары арасында іскерлік байланыстарды орнату, сондай-ақ қазақстандық және германдық аграр қызметі арасында тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты дамыту талқыланды.
Герман тарапының өкілдері Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін жоғары бағалап, сондай-ақ аграрлық сектор үшін мамандар даярлау жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерделеуге қызығушылығын білдірді.
Елші оқу орталықтарының өндірістік үй-жайлары мен олардың жанында жұмыс істейтін зертханаларға барды.
Бад-Маленте сүт өндіру мал шаруашылығы бойынша оқу-сынақ орталығының (LVZM) қызметі оқыту және біліктілікті арттыру, сараптамалық кеңес беру және сынақтар жүргізу үшін технологияларды ұсыну арқылы сүт өнеркәсібінің стандарттарын қолдауға және жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ, сүт өнеркәсібі үшін технологтар мен лаборанттар даярлау жүргізіледі.
Футтеркамп оқу-сынақ орталығы Шлезвиг-Гольштейн федералдық жерінің ауыл шаруашылығы палатасының жанындағы мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы құрылысының орталығы болып табылады. Ауыл шаруашылығы саласында мамандар даярлау, сынақтар жүргізу, кеңестік қызметтер көрсету және жұртшылықпен байланыс жасау бойынша көптеген міндеттерді орындайды.